Республика көлемінде өтіп жатқан “STOP-трафик” жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы полицейлері бес жезөкшелер үйін анықтады. Сондай-ақ жаңа туған сәбиді сату дерегінің жолы кесілді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының хабарлауынша, жезөкшелікпен айналысатын орындар, сондай-ақ адам саудасына қатысты басқа да заң бұзушылықтар республикалық STOP-трафик” жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды.
Айта кету керек, Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен жедел және арнайы іс-шаралар жүргізілді.
– Жыныстық эксплуатацияның алдын алу мақсатында ойын-сауық мекемелерінде, монша кешендерінде, сауналарда, қонақүйлерде жедел алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды. ҚР ҚК-нің 309-бабы бойынша қылмыстық істерді тіркеуге негіз болған жеңгетайлық пен жезөкшелікпен айналысудың 5 дерегі анықталды. Сонымен қатар арнайы іс-шара барысында жаңа туған нәрестені сату әрекетінің жолы кесілді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Сондай-ақ емдік массаж жасайтын орынның кейпін жамылып, интимдік қызмет көрсетумен айналысқан екі массаж салонының заңсыз әрекеті анықталды, – деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.