ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап, қырықтан астам ЖОО басшылары Ақтаудағы Есенов университетіне арнайы келді.
Қонақтар университет кампусындағы Технопарк, Студенттер саябағы, Стадион жобасымен танысып, Теңіз академиясы ғимаратының құрылысын аралады. Жаңа жатақхананың ашылу салтанатына қатысты.
Мемлекет басшысының инновациялық экожүйе құру туралы идеясы аясында университет президенті Берік Ахметов қонақтарға болашақ инженерлер мен технологтарға, IT мамандарына ғылыми-техниканың әртүрлі салаларынан білім беретін, техникалық ойлауды дамытатын Yessonov Technopark кешенінің жобасын таныстырды.
Зертханалар студенттер мен өнертапқыш қала тұрғындары үшін 24/7 ашық әрі қолжетімді болады. Технопарк MVP (Minimum Viable Product) ағаштан, металдан прототип жасауға мүмкіндік беретін орынға айналады.
Технопарк кешенінде орнатылған ескерткіш тасқа облыс әкімі Н.Ноғаев, министр С.Нұрбек және университет президенті Б.Ахметов уақыт капсуласын салды. Капсула ішіндегі болашаққа жазылған аманат хат 2076 жылы – Есенов университетінің 100 жылдық мерейтойында ашылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ қонақтарға Жылыжай, Жасыл технологиялар орталығы, Су тұшыту қондырғысы таныстырылды. Одан ары мәртебелі меймандар студенттік саябақ аумағына алғашқы түп талдарын отырғызды.
Тарихи сәттер университет территориясында салынған 500 орындық жаңа жатақхананың лентасын қию рәсімімен және жатақхана фоесінде журналистерге арналған баспасөз конференциясымен жалғасты.
Мемлекет басшысы Жолдауында жоғары оқу орындарына жатақхана проблемасын шешу үшін құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнатуды тапсырды.
Осы орайда Есенов университеті мен «Айсар-Строй» ЖШС консорциум құрып, жатақхана құрылысын салып бітірді. Жатақхана екі адамдық бөлмелерден тұрады. Барлығында жеке-жеке жуынатын орын мен дәретханасы, тамақ дайындауға арналған плита, оның үстінде бу мен түтін сорғыш құрылғылар орнатылған. Нысан техникалық қауіпсіздік талаптарына толық сай, мұнда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық нормалар қатаң сақталады.
Осы сапарында министр С.Нұрбек Yessenov University студенттермен кездесіп, жасанды интеллект тақырыбында дәріс оқыды.