Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Космос ауылында жеке үйде болған өрттен әжесі мен екі немересі көз жұмды. Тағы алты адам ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады kazlenta.kz.
Облыстық ТЖД-нің мәліметінше, 7 желтоқсан күні сағат 00:16-да құтқарушыларға Космос ауылында жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер аумағы 90 шаршы метр болатын жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқанын анықтаған. Бұл үйді 8 адамнан тұратын отбасы 2021 жылдан бері жалдап келген. Өртті сөндіру кезінде 1960 жылы туған әйелдің (әжесі), 2018 және 2019 жылы туған ұл балалардың (немерелерінің) денесі табылған.
Сондай-ақ оқиға орнынан 1999 жылы туған әйел (көз жұмған балалардың анасы), 2022 жылы туған ұл бала (марқұмның немересі), 1991 жылы туған ер адам (көз жұмған балалардың әкесі), 1958 жылы туған ер адам (атасы), сонымен қатар 2002 және 2004 жылғы көрші екі жігіт ауруханаға жеткізілген. Алдын ала диагноз бойынша олар өртенген заттардан уланған. Өрт сағат 01.15-те толықтай сөндірілген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі ("Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
8-12-2022, 14:02
Алматы облысында жеке тұрғын үй өртеніп кетті
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз