Биылғы қаңтар–қазан айларында ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, ҚР-да адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы 873 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыдан 14,3% аз, деп хабарлайды ranking.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Өткен жылдың осы кезеңінде елімізде осындай 1 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Айта кетерлігі, кем дегенде, ресми деректерге сүйенсек, мұндай құқық бұзушылықтар саны жылдан жылға азайып келеді. Өңірлер бойынша адамның және азаматтың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандықтарына қарсы ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді: әрқайсында 90 оқиға, бір жыл бұрынғыдан сәйкесінше 6,2% және 4,7% аз. Одан кейін Астана (84 жағдай, 26,3% азайған), Алматы (77 жағдай, 13,2% көбейген) және Ақмола облысы (63 жағдай, 19,2% азайған).
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең азы Қызылорда облысында тіркелген: бір жыл бұрынғы 21 жағдаймен салыстырғанда небәрі 8 жағдай. Одан кейін Ұлытау және Жетісу облыстары келеді: әрқайсында 12 жағдай.
Осындай барлық құқық бұзушылықтардың 52,3%-ы еңбекті қорғау ережелерін бұзуға қатысты: 457 жағдай, былтырғыдан 22,1% аз. Сонымен қатар ең көп жасалатын құқық бұзушылықтар қатарында азаптау (197 жағдай, былтырғыдан 1,6 есе көп) және тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу (173 жағдай, былтырғыдан 33,2% аз).
Тағы 36 іс жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу, 6 іс — еңбек заңнамасын бұзу, 4 іс — хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу.
Бұл ретте митингілер мен шерулер ұйымдастыру мен өткізуге кедергі келтіру, ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу, журналистердің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру, сайлау құжаттарын бұрмалау сияқты баптар бойынша бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Ресми түрде Қазақстанда мұндай мәселе жоқ.
Біз бұл жөнінде ештеңе айтпаймыз, тек Human Rights Watch халықаралық ұйымының берген бағасын ғана келтіреміз: «Қазақстанда жиналу, сөз және дін бостандығына қатаң шектеу қойылған, азаптау күрделі мәселе болып қала береді. Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңға және кәсіподақтар туралы жаңа заңға енгізілген жуырдағы өзгерістер негізгі бостандықтарды шектейтін және халықаралық стандарттарға қайшы келетін ауыр тіркеу рәсімдерін енгізетін ережелерді қамтиды. Полиция қызметкерлеріне айып тағылған жекелеген жағдайларға қарамастан, бас бостандығынан айыру орындарында азаптау әдеттегі құбылыс болып қала береді, мұндай әрекеттер үшін жазасыз қалу жалғасуда».
Қазақстандағы журналистердің «кедергісіз» жұмысына келетін болсақ, БАҚ еркіндігі рейтингінде Қазақстан африкалық Бенин мен Танзания арасында, 180 елдің ішінде 122-орында ғана екенін еске саламыз.