Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, Қазақстан экономикасының өсімі 3,6%-ды құрады. ҚР-ның 20 өңірінің тек 9-ы ғана республика бойынша орташа деңгейден жоғары көрсеткіш көрсетті. Республикалық маңызы бар қалалар арасында республика бойынша үздік көрсеткіш Шымкентте (6,3% өскен) тіркелді. Өңірлер арасында Ақмола (7,6% өскен) және Атырау (6,3% өскен) көш бастады, деп хабарлайды energyprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Шымкентке келетін болсақ, ең ірі оңтүстік мегаполис Қазақстанда және әлемде болып жатқан дағдарысқа қарамастан оң даму динамикасын көрсетіп отыр. Әсіресе, қала экономикасының нақты секторы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді: қаңтар–қыркүйек айларында шымкенттік кәсіпорындардың өнеркәсіп өнімінің көлемі 666,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7% өсті.
Сонымен қатар, құрылыс индустриясы орасан өсім көрсетті: бірден 39,7% көбейіп, 131,4 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 27,5% өсіп, 80,2 мыңнан 507,1 мың шаршы метрге дейін жетті. Өз кезегінде байланыс қызметтерінің көлемі 4,6%, пошта және курьерлік қызмет 3,4% өсті.
Шымкент — Қазақстандағы халқының саны бойынша үшінші қала, ал ауданы бойынша бірінші қала, ірі өнеркәсіптік, сауда және мәдени орталықтардың бірі. 2020 жылы ол ТМД-ның мәдени астанасы болды. Қаланың одан әрі даму болашағы зор. Бұл жағдайда қалаға құйылған инвестиция, сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту маңызды.
Биыл негізгі капиталға инвестиция көлемінің өсімі бойынша Шымкент алдыңғы қатардағы 3 өңірдің қатарында. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, мұндағы инвестиция көлемі 327,9 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8% артық (ФКИ — 120%). Инвестиция негізінен құрылыс жұмыстарына және ғимараттар мен құрылыстарды күрделі жөндеуге бағытталған — сегменттің үлесі 81,3%-ды құрады. Барлық инвестициялардың 18,3%-ын машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар және тауарлық-материалдық құндылықтар құрады.
Жалпы, құрылыс саласы өңірдегі ең қарқынды өсіп келе жатқан сала. 2022 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында сектордағы жұмыстардың ең көп көлемі тұрғын үйлер құрылысына (49,2 млрд теңге немесе 37,4%) тиесілі. Шымкентте тұрғындарға арналған үйлер де, инфрақұрылым нысандары да қарқынды түрде салынуда.
Сонымен, шаһарда еліміздегі ең үлкен ипподром салынып жатыр. Жоба 1500 орындық шатыры бар трибунаны қарастырады. Халықаралық стандарттарға сай салынған ипподром Шымкенттегі жаңа инвестициялар мен бизнесті дамытудың тартымды орнына айналуы тиіс. Бұл ретте нысан құрылысы басталғалы бері жұмыс көлемі де біршама ұлғайған. Игерілетін аумақ 1,5 есеге — 24 гектардан 39 гектарға дейін кеңейтілді. Жобаны BI Group құрылыс компаниясы жүзеге асыруда. Ипподром құрылысы құрылыс салушыға 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Бүгінде өсіп, дамып келе жатқан қалаға жаңа инфрақұрылымдық нысандар қажет. Шымкент халқының саны өсуде, қыркүйектің аяғында ол 1,2 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 7,2% көп.
Инфрақұрылым мен тұрғын үйге деген физикалық қажеттіліктен басқа, қаланы абаттандыру халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, кәсіпкерлікті дамытудың драйвері. Қазір Шымкентте құрылыста 25,4 мың адам жұмыспен қамтылса, бұл сала халықты жұмыспен қамтамасыз ететін 5 саланың қатарында.
Сонымен қатар, тіркелген кәсіпорындар саны бойынша құрылыс саудадан кейінгі екінші сала. Мәселен, биылғы жылдың қыркүйек айының соңына қарай қаладағы кәсіпорындар саны қазірдің өзінде 4,1 мыңға жетіп, жылдық өсім 4,5%-ды құрады.