БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының Жалпы дебатының ашылуында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік ұстанымын айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті Қазақстан құру жолында заң мен тәртіп қоғамның негізі болатынын атап өтті. "Қазақстан президенті ретіндегі ұстанымым – әрбір азамат тең мүмкіндіктерге ие әрі құқығы қорғалған әділетті Қазақстанды құру. Менің елімде әділдік салтанат құруы керек. Заң мен тәртіп қоғамымыздың негізі болады. Бұл жолдың ең маңызды бөлігі – трансформациялық саяси реформалар. Алдағы айларда Қазақстанда президент және парламент сайлауы өтеді. Мен президент өкілеттігін жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсындым.
Бұл – Қазақстанда демократияны дамытудағы нағыз серпіліс. Осы ретте "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" деген менің формуламды қатаң ұстанамыз. Бұл формула Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сәйкес келетініне сенімдімін", - дейді мемлекет басшысы. Сондай-ақ президент Қазақстан экономиканы монополиядан арылтуды көздеп отырғанын да жеткізді.
“Сонымен қатар кономиканы монополиядан арылтуды көздеп отырмыз. Біз қоғамның ең ауқатты бөлігін әділетті Қазақстанды құруға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және адам капиталына инвестицияны арттыруға қатыстыру шараларын жасап жатырмыз", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Ұлттық қордан кәмелет жасқа толмаған балаларға арнайы жинақ шоттары ашылатынын да атап өтті. "Жақында балаларға арналған Ұлттық қор құру туралы бастама көтердім. 2024 жылдан бастап Ұлттық әл-ауқат қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы кәмелеттік жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады. Бұл қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады.
Қазір "Қазақстан халқына" арнайы жеке қайырымдылық қоры да қарапайым азаматтарға денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінде көмек көрсетіп келеді. Әйелдердің құқығын одан әрі кеңейтуді және олардың экономикалық және әлеуметтік өмірге қатысуын қамтамасыз ету – біздің мақсатымыз. Жан-жақты ұлттық қайта құру оңай процесс емес, бұл жолда алдымыздан белгілі бір дәрежеде қиындықтар кездеседі.
Егер біз Қазақстан азаматтарының үмітін ақтағымыз келсе, бұл стратегиялық жолдан айнымаймыз! Кейінгі үш жылда біз реформалардың төрт топтамасын іске асыру арқылы елеулі өзгерістер жасадық. Мысалы, парламент қабылдаған жаңа заңдар саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, саяси ұйымдардың парламентке өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін қысқартты. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуына мүмкіндікті кеңейту үшін партиялық сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға міндетті 30 пайыздық квота қарастырылған.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жауапкершілігін арттыру үшін жергілікті әкімдерді тікелей сайлау енгізілді. Қоғам мен билік арасындағы ашықтық мәдениетін дамыту үшін біз бейбіт жиындар туралы заңға өзгертулер енгіздік.
Енді жиындар өткізу үшін мемлекеттік органдардың келісімі қажет емес. Қазақстан адам өміріне және адамның қадір-қасиетіне жалпыға бірдей танылған құқықтары аясында халықаралық міндеттемелерге сәйкес өлім жазасын алып тастады. Әділетті Қазақстан біздің көпұлтты және көпконфессиялы ынтымағымызға негізделген. Біз "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидасын қатаң ұстана береміз.
"Өткен аптада Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі табысты өтті. Съезде діни толеранттықтың, диалог пен мәселелерді бейбіт жолмен шешудің маңызды екені тағы да айтылды. Біз қажет болған жағдайда арағайын болуға және диалог алаңдарын ұсынуға дайынбыз", - деп атап өтті президент.
Сөз соңында мемлекет басшысы БҰҰ-мен бірге Қазақстан қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерін аямайтынын жеткізді. "Биыл Қазақстан мен БҰҰ арасындағы серіктестікке 30 жыл толады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына БҰҰ зор үлес қосты. Осы аралықта біз ЭКОСОС пен Адам құқықтары жөніндегі кеңестен бастап Қауіпсіздік Кеңесіне дейінгі Ұйымның барлық негізгі органдарында БҰҰ Жарғысында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істедік.
Болашақ ұрпақ игілігі үшін жауапты басшылыққа мұндай қажеттілік бұрын-соңды болмаған. Өткенді еске алу бізден болашағымыз үшін жауапкершілікті талап етеді. Сіздермен бірге біз қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерімізді аямаймыз", - деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске сала кетейік, 19 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келген еді.
Сондай-ақ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатының ашылуында сөз сөйледі.
21-09-2022, 10:30
Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның 77-сессиясының ашылуында президенттік ұстанымын айтты
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз