Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту және цифрландыру шаралары тақырыбындағы Үкімет отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Вице-министр қазір ел бойынша жүз үштен астам түрлі пайдалы қазба және он мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын атап өтті. 2900-ден астам лицензия және 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісім-шарт бар (соның ішінде биылдың өзінде барлау жұмыстарына 707, өндіруге 22 лицензия берілді).
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон (Болаттобе учаскесі), Алтын-Шоко, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжыр кен орындары мемлекеттік есепке алынды. Қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 млн тонна марганецке және 1,3 млн тонна фосфоритке артты.
«Президент тапсырмасы бойынша келесі жылы ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуін 2,2 млн шаршы километрге дейін кеңейту көзделген. Бүгінде 2 млн 14 мың шаршы километр аумақ зерттеліп отыр. Жыл соңына дейін бұл көлем 2 млн 38 мың шаршы километрге дейін ұлғайтылатын болады», – деді Иран Шархан.
Перспективті учаскелерді ерте анықтау және барлау тиімділігін арттыру мақсатында зерттеу жұмыстары неғұрлым нақты масштабта, яғни бір-елу мың (1:50 000) масштабында жүргізілмек.
Аталған тәсіл бойынша 2026-2028 жылдары жүз мың шаршы километр аумақ зерттелетін болады. Одан кейін жыл сайын 30 мың шаршы километр зерттеу жоспарлануда.
Жұмысты жеделдету үшін 20 жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге Үкімет резервінен 240 млн миллион теңге бөлініп, геологиялық түсірудің жаңа стандарттары бекітілді. Аталған жұмыстарды Ұлттық геологиялық қызмет, «Центргеолсъемка», Сатпаев атындағы Ғылым‑технологиялық институт және тәжірибелі мамандардан құралған консорциум бірлесіп жүзеге асыруда.
Баяндама барысында вице-министр саланың өтінім беруден бастап лицензия беруге дейінгі толық цифрлық циклді қамтамасыз ететін Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасын енгізудің арқасында ашық, басқарылатын және қолжетімді болып келе жатқанын атап өтті. Жалпы платформада жиырма екі мемлекеттік қызмет көрсетіледі, электронды аукциондар мен бонустарды онлайн төлеуге мүмкіндік беретін «электронды әмиян» сервисі іске қосылған.
Осы жылы жүйеде:
– тоқсан төрт пайыз, яғни бес жарым мыңнан астам келісімшарт пен лицензия цифрландырылды;
– жеті жүз отызға жуық лицензия берілді;
– төрт аукцион (61 лот) өткізіліп, бонустан қырық бес миллард теңге бюджетке түсті.
Сонымен қатар, енді лицензиялар мен келісімшарттар бойынша есептердің 89%-ы онлайн қабылданады. Осының арқасында міндеттердің орындалуы автоматты түрде бақыланып, тексерудің тиімділігі артты.
Бірыңғай платформа арқылы алпыс алты мыңнан астам геологиялық есепті онлайн алуға мүмкіндік бар екен атап өткен жөн. Сондай-ақ, бастапқы геологиялық ақпаратты да цифрландыру жүргізілуде. Бүгінде оның 73%-ы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97%-ға жетеді. Толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр.
Көп көлемдегі деректерді жинақтап, талдау үшін жасанды интеллект қолданатын Big Data жобасы іске асырылуда, ол Біріккен Араб Әмірліктерінің тәжірибесіне негізделген.
Пилоттық кезең аяқталып, жоба ресми түрде басталды, және оны 2028 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда.
Нәтижесінде барлық геологиялық деректер цифрландырылып, бір жүйеге келеді.
Жоба жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда.
Геологиялық талдау сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа заманауи зертханалық кешен құрылып, ғылыми-технологиялық орталық ретінде қызмет атқаратын болады. Жобада зертханадан бөлек қор сақтау және керноқойма ғимараттары да қарастырылған. Бұл елімізде бірыңғай геологиялық деректер базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына Астана қаласынан төрт гектар жер учаскесі бөлінді.
Жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығын арттырып, инвестиция көлемінің жыл сайын өсуіне ықпал етуде.
Қазіргі уақытта бес пилоттық жоба – Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыс жүргізілуде. 2028 жылы бұл жобалар бойынша қорларды JORC стандартына сай есепке қою жоспарлануда. Осыған орай, мемлекет мүддесін қорғау үшін «Тау-Кен Самұрыққа» жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылуда.
Қазірде Жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжілісте қаралуда. Заң жобасының Мәжілістегі бірінші оқылымы он екінші қарашаға жоспарланды.
Заң жобасы саланы әрі қарай дамытуға бағытталған негізгі жаңашылдықтарды қамтиды, соның ішінде:
- жер қойнауын цифрлық пайдалану қағидаттарын бекіту;
- геологиялық барлау учаскелеріне қолжетімділікті арттыру;
- жүз миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салған стратегиялық инвесторларға өңдеу жөніндегі келісімдер арқылы басым құқық беру;
- индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне басым құқық беру;
- жасырын өндіру үшін жауапкершілікті күшейту;
- аукциондардан түскен бонустардың бір бөлігін геологиялық зерттеулерге бағыттау;
- елді мекендер аумағындағы өндірістік қалдықтарды қайта пайдалану және рекультивациялау.