2021 жылы 28 желтоқсанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бейнеконференция режимінде көктемгі егіс жұмыстарын дайындау және өткізу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Іс-шараға облыс және қала әкімдерінің орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, министрлік әр облыспен техниканың дайындығы, тұқым материалдарымен, минералды тыңайтқыштармен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету, сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарын табысты жүргізу үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Әкімдіктермен бірлесіп 2022 жылғы егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптастырылды. Жалпы ауданы 22 млн 991 мың га құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 13,5 мың га артық.
АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдеріне сәйкес, ауыспалы егісті сақтауға, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып жаңа тәсілдерді енгізу көзделіп отыр.
Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 141,7 мың трактор, 4300 бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 73,2 мың тұқым сепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралдары бар.
Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аграршылар 131,2 млрд теңге сомасына 6 766 бірлік техника сатып алды, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінде сатып алу көлемінен 30%-ға артық (92,4 млрд теңге сомасына 5 190 бірлік).
Энергетика министрлігімен бірлесіп ақпан-маусым кезеңіне шамамен 390 мың тонна дизель отынын бөлу жоспарлануда (2021 жылы 380 мың тонна болды).
Ағымдағы жылдың ауа райы жағдайы тұқым көлемі мен сапасына да әсер етті, есептік деректерге сәйкес тұқым себу жоспарының 99,4% жүзеге асырылды.
Сараптамаға 1,3 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті, оның 1,1 млн тоннасы немесе 88% тексерілді. Тексерілген тұқым көлемінің 99% кондициялы деп танылған, 91% себу стандартының 1 және 2 класына сәйкес келеді. Алдын ала деректер бойынша 2022 жылғы өнімге 135 мың тонна элиталық тұқым (5,5 %), 93% үшінші репродукциядан төмен емес тұқым себілді.
Республикада тұқым шаруашылығының 316 субъектісі, оның ішінде 40 бірегей тұқым өндіруші, 106 элиталық тұқым өсіру шаруашылығы және 170 тұқым өсіру шаруашылығы жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда тұқым өндірушілерді егіс техникасымен қамтамасыз ету пайызының 70% - дан 89,4% - ға дейін, егін жинау 80% - дан 92% - ға дейін, тұқым тазалау 63% - дан 81,4% - ға дейін өскенін атап өткен жөн.
Жиын барысында минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңірлердің жоспарлары бойынша 2022 жылы тыңайтқыштарды енгізуді 30 мың тоннаға ұлғайту болжанып отыр және ол 654 мың тоннаны құрайтын болады.
2022 жылға арналған пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 37 млрд теңге қарастырылған, бұл шамамен 16,6 млн га алаңды өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Қарауыловтың айтуынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу аясында 235 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды және 40 млрд теңге сомасына 769,3 мың тонна өнім келісімшарт жасалды. 2022 жылы корпорация 60-80 млрд теңгеге дейін немесе 50-100% ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұдан басқа, 9-дан 10-ға дейін аванс берілетін дақыл түрлерінің санын арттыру жоспарланып отыр, 2022 жылы тізімге жүгері қосылады.
Кеңесті қорытындылай келе, Ербол Қарашөкеев қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
«Біз бірінші кезекте өзімізді өніммен қамтамасыз етуіміз керек екені түсінікті, бірақ экспорттық позициялар туралы да ұмытуға болмайды. Егіс алқаптарының дұрыс құрылымы ішкі нарыққа залал келтірмей, өнімді экспорттық бағамен сатуға мүмкіндік береді. Сонда ешқандай шектеулер мен тыйымдар енгізілмейді. Сонымен қатар, импортты алмастыру жоспарларын есте сақтау және орындау қажет. Мұнда қант пен алма ғана емес, мал шаруашылығы үшін жем - шөп базасы да бар», - деді ведомство басшысы.
Жалпы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық уақытылы жүргізіліп жатыр. Министрлік тарапынан көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдер қабылданды.