Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын себудің оңтайлы мерзімдері анықталды – мамандардың пікірінше, алдағы 5 мамыр мен 3 маусым аралығында егілген майлы және дәнді дақылдар жақсы өнеді. Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық жайы талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұрболат Мақашевтың айтуынша, биыл Павлодар облысындағы егіс алқабының жалпы ауданы 1 млн 490 мың га құрайды. Бұл былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 60 мың гектарға артық. Егістіктің негізгі бөлігін дәнді дақылдар құрайды – 911 мың га. Жоспар бойынша, майлы дақылдар 189 мың га алқапқа, мал азықтық дақылдары 361 мың га, картоп пен көкөністер 26 мың га, бақша дақылдары 3 мың га алқапқа егілмек.
- Өсімдік шаруашылығын қолдау үшін жалпы сомасы 3,4 млрд.теңгеден астам субсидиялар бөлінді, - деп атап өтті Н. Мақашев. - Демек, минералды тыңайтқыштардың, зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерден емдеуге арналған пестицидтер мен биоагенттердің құны, су жеткізу және тұқым шаруашылығын дамыту қызметтері субсидияланады.
Павлодарлықтар көктемгі науқанға қажетті ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарын 145,4 мың тонна көлемінде дайындап отыр. Олардың сапасын анықтау үшін тұқымдардың 32% -ы сараптамадан өткізіледі. Техника жайына келер болсақ, дәл қазір оның көктемгі дала жұмыстарына дайындығы 94% құрап отыр. Биыл фермерлер сатып алған 133 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына 1,6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаған.
- Облыста көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 21 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінді, - деп толықтырды ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы. - литрінің бағасы 151 теңгені құрады. Жанар-жағармай материалдарын жеткізетін 3 оператор анықталды. Бүгінгі таңда наурыз айына бөлінген жанармай көлемінің 3 мың тоннасы, яғни 15% -ы ғана алынып отыр.
Ертіс, Железин және Тереңкөл аудандарының әкімдері өз аумақтарындағы жағдай бойынша есеп берді. Облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов дайындық кезеңінде тұқым қоры сапасын мұқият тексеру керек екенін еске салды. Сонымен қатар, ол аудандардан егін науқанына қажетті арзан жанар-жағармай материалдарын уақыт созбай алуды талап етті.
- Алдағы таяу уақытқа арналған ауа райы болжамы екіұшты болып тұр, су тасқынының жүру қауіпі жоғары кезең басталды, - деп жалғастырды облыс әкімі. - қысқа мерзім ішінде облыстың барлық су тасқыны қауіпті аумақтарын мұқият тексеру қажет. Жер-жердегі әкімдер барлық тәуекелдерге дайын болуы тиіс. Қалалар көшелерінде еріген су әлі де көп, сондықтан елді мекендерден қар массасын шығару жұмыстарын күшейту қажет. Сонымен қатар, монополистердің қыста жүргізген жөндеу жұмыстарының сапасын бақылаңыз. Қар еріп, жер құрғаған соң, былтыр жөнделген жол төсенішінің сапасы тексерілуі тиіс.
Аппаратық кеңес барысында Әбілқайыр Сқақов бірқатар шенеунікке сөгіс жариялады. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы «Достық» шағын ауданындағы екі үйдің құрылыс сапасы бақыланбағаны үшін, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Зенов – аймақтағы автомобиль жолдары мен жол-көлік инфрақұрылымын күтіп ұстау жұмысының жеткіліксіз деңгейде жүргізілуі, сондай-ақ жолаушы тасымалдау сапасының төмендігі үшін, ал мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Самал Бегалинова – жұртшылыққа ономастикалық комиссияның қызметі мен ономастикалық мәселелердің жеткілікті дәрежеде түсіндірілмегендігі үшін сөгіс алды.