Мемлекет басшысының Жолдауы аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев брифинг өткізді. Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы таныстырылып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берілді. Баяндамада облыс басшысы жыл бойы атқарылған шаралар легі мен өңірдің түрлі салалар аясындағы дамуы жайында айтып өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Баяндама барысында облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы жолдар және көлік саласындағы өзгерістерді тілге тиек етті. Тәуелсіздік жылдарында барлығы 1200 шақырым жол салынып, реконструкциядан өткізілді. Бұдан бөлек 2 мың шақырымнан астам жол жөңделіп, 6 көпір салынды. Облыс әкімі бұрын аудандардың облысқа қатынауы қиын болғандығын және жол қатынасы қиын болған аудандарға жол салынғанын аттап өтті. Қазіргі таңда қалған екі аудан орталығына жол салу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары ауа-райының қолайсыздығы мен құрылыс материалдарының қымбаттауы, пандемия мен мердігер мекемелердің өз міндеттемелерін орындамауы әсерінен кешіктірілуде. Осы орайда өз міндеттемесін орындамағаны үшін «Теміржол жөндеу» мердігер компаниясымен келісімшарт бұзылды. «КазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының жоспарына сәйкес құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Осы жылы өңірде 324 шақырым жолдар жөңдеуден өтті. Үкіметтің қолдауымен өңір тұрғындарының көтеріп жүрген «Атырау-Орал» жол трассасын кеңейтуге және Орал қаласының айналма жолы құрылысына қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Көлік инфрақұрылымына келер болсақ, облыс орталығында жеке инвестициялар есебінен автобекет қайта жаңғыртылды. Жуырда халықаралық аэропорт терминалы реконструкциясы аяқталатын болады. Терминал құрылысында материалдар бойынша жергілікті қамту үлесі 70%-ды құрады. Облыс басшысы тілшілердің осы тақырып аясындағы әр сұрағына толық жауап берді.
Облыстың денсаулық сақтау саласында да бірқатар өзгерістер бар. «Пандемия кезеңінде біз аурудың жоғары деңгейінде жағдайды тұрақтандыруға қол жеткіздік. Қабылданып жатқан шаралар есебінен біз "жасыл" аймақта тұрмыз. Пандемия кезінде облыс тұрғындарына басқа өңірлерге емделуге бару қиынға соқты, сондықтан біз медициналық қызметтер импортына талдау жасадық және екі жыл ішінде медициналық қызметтер мен операциялардың 20-ға жуық түрін енгіздік» дейді Ғали Есқалиев. Бұл облыс тұрғындарына жүрекке, омыртқаға, варикозды-кеңейтілген тамырлар, көру қабілетін лазерлік түзету операциялары бойынша білікті көмек алуға мүмкіндік берді. Өңірде Тәуелсіздік жылдарында заманауи онкодиспансер, 8 емхана, 20 аурухана және 80 медпункт салынды.
Облыс басшысы аса маңызды сала – білім саласына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу тапсырмасы бойынша өңірде 77 мектеп салу жоспарға алынған. Осы ретте қаладағы мектептер мәселесін шешуге жеке инвесторларды тарту көзделуде. Күні бүгінге Орал қаласында жеке инвесторлар 2 мектеп салып жатыр. Сонымен қатар, облыста республикалық физика-математика мектебінің филиалы мен «125 Highschool» жеке мектебі ашылды. Ал ауылдағы мекептерді бюджет қаражаты мен жеке инвесторлар арқылы шешілмек. Ол үшін 60 және 108 орындық мектептердің жобалары дайындалған. Жалпы тәуелсіздік жылдары 70 мектеп және 20 балабақша салынып, 107 жеке балабақша ашылды.Келесі кезекте облыс әкімі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласына тоқталып өтті. «Еңбек» бағдарламасы бойынша облысқа 7,5 млрд. теңге бөлініп, 28 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Өңірде 16 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды, оның ішінде 7 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орындары. «Облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрап отыр» дейді Ғали Нәжімеденұлы.
Облыстың мәдениет және спорт саласында оң серпіліс байқалады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Орал қаласында еліміздің ірі мәдени нысандарының бірі болып саналатын 920 орындық «Атамекен» өнер ордасы ашылды. Сондай-ақ биыл облыста алғашқы рет «Жайықфест» Халықаралық фильмдер кинофестивалі өтіп, аталмыш фестивальге әлемдік және Отандық 100-ге жуық фильм қатысты. Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу тапсырмасы бойынша 12 кешен салу жоспарланған. Оның 6- биыл пайдалануға берілсе, қалған 6 – алдағы екі жылда салынбақ. Жергілікті кәсіпкерлер мемлекет бастамасын шынайы қолдап, өз қаражаты есебінен соңғы екі жылда 7 спорт нысан салды. Облыс басшысы өз баяндамасында биыл өңір спортшылары әртүрлі деңгейдегі спорт жарыстарында 314 рет жеңімпаз атанып, оның ішінде, Әлем чепионатында 12 алтын, Еуропа біріншілігінде 3 алтын, Азия чемпионатында 7 алтын медальға ие болғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, брифинг барысында тілшілер өңірдегі парақорлық деңгейі мен парақорлықпен ұсталған лауазымды тұлғалар жайында сұрақтар қойды. Облыс басшысы лауазымды тұлғаларға қатысты сот шешімін күтіп отырғандығын хабарлады.