Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДӨҰҚ) мен оған мүше кәсіпорындар 5–10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (CIIE) қатысуда. Қазақстанның ұлттық павильонында Қытай нарығында сұранысқа ие отандық май өнімдерінің түрлері таныстырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Қытайға май өнімдерін жеткізуші негізгі елдердің бірі ретінде өз ұстанымын нығайтып келеді. Былтыр еліміз Қытайға күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен екінші орынға ие болды.
Сондай-ақ күнбағыс шротын жеткізуші үш ірі елдің қатарына енді. Ал рапс майы бойынша 2024–2025 жылдардың қорытындысында Қазақстан негізгі бес жеткізуші елдің қатарынан тұрақты орын алды.
Соңғы үш маусымда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майы, шрот және күнжара экспорты 3,7 еседен астам өсті.
Өткен маусымда Қытайға жалпы құны 438 млн АҚШ долларынан асатын 657 мың тонна өнім жөнелтілді.
Аталған қауымдастықтың мәліметінше, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамымен (ҚТЖ) бірлесіп атқарған жұмыс жоғары нәтижеге қол жеткізуге ықпал етті.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы Қытайға жөнелтілетін өсімдік майының теміржол тасымалына арналған жоспарларды бөлу тетігін жетілдіру. Қауымдастық бұл бағыттағы жұмысты 2024 жылдың ақпан айынан бері жүргізіп келеді.
Соның нәтижесінде келісілген тасымал жоспарларының орындалу деңгейі 90 пайыздан асты. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызға да жетпеген.
Бұдан бөлек, биыл көктемде МДӨҰҚ ҚТЖ және Қытай теміржол әкімшілігімен бірлесіп, түйіршіктелген күнбағыс шротын астық тасымалдайтын вагондармен жөнелту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Жоба алғашқы кезеңнің өзінде оң нәтиже көрсетіп, осы өнім экспортының көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік ашты.
МДӨҰҚ болжамы бойынша, алдағы екі маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 1 млн тоннаға жетеді. Бұған шикізат базасының кеңеюі, логистикалық инфрақұрылым мүмкіндіктерін тиімді пайдалану және жаңа өңдеу кәсіпорындарының іске қосылуы негіз болды.