Түркістан облысында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісімен көлік басқарған жүргізуші сот шешімімен жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сайрам ауданының Ақсукент ауылында болған жайтта полиция қызметкерлері BYD автокөлік жүргізушісін тоқтатуға әрекет жасаған. Алайда жүргізуші полицейлердің заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға тырысқан. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде көлік тоқтатылып, тексеру барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің жалған екені анықталды. Оқиғаның мән-жайы полиция қызметкерінің қызметтік бейнежетонына жазылған.
Аталған дерек бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданды. Сот қаулысымен жүргізуші 3 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік құралын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айырылды. Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын сақтауға, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға және көлік құралдарын пайдалану кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.