Маңғыстау облысында тауар белгісін заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тексеруге құқық иесі өкілінің өңір аумағында тиісті рұқсатсыз таңбаланған өнімдер сатылуы мүмкін екені туралы өтініші негіз болған. Қылмыстық іс аясында Ақтау қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан сауда нысанына тінту жүргізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері тиісті тауар белгісімен таңбаланған 282 дана өнімді тәркіледі.
Қазір тәркіленген өнімдердің қайдан жеткізілгені, оларды сақтау және сату арналары, сондай-ақ бұл іске қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 222-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. Полиция кәсіпкерлерге бөтеннің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін заңда жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Сондай-ақ өнімдерді ресми жеткізушілерден сатып алуға шақырады.