Ішкі істер министрлігі есірткі дүкендерін жою бойынша тиімді шаралар қабылдауда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жедел қызметкерлердің көзіне түскен "Пепе" интернет-дүкені арқылы елордада есірткіні таратудың арнасы тұрақты түрде жұмыс жасаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде полиция Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, жалдамалы пәтерлерде бір уақытта жасы 30-дан асқан бес ер адамды ұстады. Қылмыстық сызба "ұйымдастырушы - буып түюші - қоймашы - есірткі жасырушы" иерархиясы бойынша әрекет еткен. Фигуранттар тәулік бойы есірткі тұтынушыларды марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерімен қамтамасыз еткен.
- Ұсынылған ассортиментте каннабис шайыры салынған печеньелер болған. Әрқайсысының салмағы 100 граммнан болатын 238 дана ерекше кондитерлік өнім тәркіленді. Күдіктілердің тұрғылықты жерлері бойынша жүргізілген тінту іс-шаралары барысында 12 кг-ға жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 кг-нан астам марихуана, 1,5 кг гашиш және 2 кг каннабис шайыры тәркіленді. Бұдан бөлек, ірі көлемдегі қолма-қол ақша, банк карталары, ұялы телефондар, электронды таразылар, брикеттер, вакуумдау мен өлшеп-орауға арналған құрылғылар, түрлі-түсті оқшаулағыш таспалар және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер қамауға алынды. ІІМ есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға және есірткі жеткізу арналарына қарсы мақсатты іс-шараларды жалғастырады, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.