Қазақстандағы кәріз желілерінің жартысынан астамы тозған, ал тұрғын үйлер мен кәсіпорындардан шығатын сарқынды суларды қабылдайтын тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (МЭКС) аясында еліміз бойынша 7,8 мың шақырым су құбыры мен кәріз желілерін жаңарту, сондай-ақ 45 қалада тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Ауқымды жаңғырту жұмыстарына шамамен 1,9 трлн теңге қарастырылған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Ұлттық жоба тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханалар мен кәсіпорындарды күнделікті сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ пайдаланылған суды бұру мен тазартуға қажетті инфрақұрылымды қамтиды. Жобаны іске асыру аясында тозған коммуналдық желілер мен құрылыстарды кезең-кезеңімен жаңарту көзделген.
Еліміздегі су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 111 мың шақырымды құрайды, оның 38%-ы тозған. Ал кәріз желілеріндегі жағдай күрделірек. Жалпы ұзындығы 18 мың шақырым болатын кәріз желілерінің тозу деңгейі 54%-ға жеткен. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіштерді тиісінше 33% және 41%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісін жаңартуға 700 млрд теңге, ал 2,8 мың шақырым кәріз желісін жаңғыртуға 400 млрд теңге қарастырылған. 2026 жылдың қорытындысы бойынша су құбыры желілерінің тозу деңгейін 37%-ға, кәріз желілерінің тозуын 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Брифинг барысында жаңғырту жұмыстарының қазіргі барысы да таныстырылды. МЭКС аясында жалпы құны 356 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 146 жоба іске асырудың әртүрлі кезеңінде тұр. Оның ішінде 157 млрд теңгеге бағаланған 95 жоба су құбыры желілерін жаңартуға, ал құны 199 млрд теңге болатын 51 жоба кәріз инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Қазіргі уақытта 69 жоба іске асырылып жатыр, 23 жоба екі кезеңдік іріктеуден өтіп, конкурстық рәсімдерге дайындалуда, ал қалған 54 жоба қажетті келісу рәсімдерінен өтуде.
Бұдан бөлек, 2026 жылы бюджет қаражаты есебінен сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 345 жобаны іске асыруға 309 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қалалар мен ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған.
Брифингке қатысушылар тазарту құрылыстарының жай-күйіне де жеке тоқталды. Тозған құбырларды ауыстыру мәселенің бір бөлігін ғана шешеді. Өйткені тұрғын үйлерден, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардан шығатын пайдаланылған су кәріз желілері арқылы арнайы тазарту құрылыстарына жеткізіліп, қоршаған ортаға ағызылар алдында тазартудан өтеді. Бұл нысандардың жай-күйіне кәріз жүйесінің жұмысы ғана емес, елді мекендердің санитариялық және экологиялық қауіпсіздігі де байланысты.
Еліміздегі тазарту құрылыстарының орташа тозу деңгейі 65%-дан асады. Сондықтан ұлттық жобаның жеке бағыттарының бірі ретінде 45 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау белгіленген. Бұл жұмыстарға шамамен 800 млрд теңге қарастырылған.
«Біздің міндетіміз — жекелеген учаскелерді ғана емес, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін кешенді түрде жаңарту. Егер сарқынды сулар келіп түсетін тазарту құрылыстары тозған жабдықтармен жұмысын жалғастыра берсе, ескі құбырларды ауыстырудың өзі жеткіліксіз. Сондықтан жаңғырту жұмыстары су құбыры желілерін де, кәріз жүйелерін де, тазарту нысандарын да қамтиды. Түпкі мақсат — тұрғындарды сенімді коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету және қалаларда ұзақ мерзімді пайдалануға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптастыру», — деп атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
Брифингте қаралған тағы бір маңызды мәселе — сумен жабдықтау саласын цифрландыру. Желілерді ауыстыру және тазарту құрылыстарын реконструкциялаумен қатар, су арналары кәсіпорындарына жабдықтардың жұмысын, су шығыны мен желілердегі қысымды бақылауға, су ағуын дер кезінде анықтауға және апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін бақылау жүйелері енгізілуде.
Бірінші кезеңде 25 қаладағы 32 сумен жабдықтау кәсіпорны автоматтандыру және есепке алу құралдарын енгізу бойынша жалпы сомасы 54 млрд теңгені құрайтын өтінім берді. Оның ішінде 12 млрд теңгеге бағаланған сегіз өтінім бойынша мердігерлермен шарттар жасалды, ал 17 млрд теңгені құрайтын тағы жеті өтінім конкурстық рәсімдер кезеңінде тұр. Осындай жұмыстар басқа 62 су арнасы кәсіпорнымен де жүргізілуде.
Айта кетейік, цифрландырудың негізгі құралдарының бірі әзірлену сатысындағы Smart Turmys бірыңғай платформасы болмақ. Ол абоненттер, су тұтыну көлемі, коммуналдық қызметтер үшін төлемдерді есептеу және төлеу туралы мәліметтерді біріктіреді. Бұл коммуналдық кәсіпорындарға өзекті деректермен жұмыс істеуге, ал тұрғындарға есеп айырысу туралы неғұрлым ашық ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, брифинг барысында интеллектуалды есепке алу құралдарына көшу тәртібі түсіндірілді. Есептегіштерді ауыстыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Тексеруден өткен, жарамды және өндіруші белгілеген пайдалану мерзімі аяқталмаған есептегіштерді мерзімінен бұрын ауыстыру талап етілмейді.
Еске сала кетейік, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, елімізде халықты мемлекеттік қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. 2026 жылы ауыз су беру қызметінің құнын субсидиялауға 28 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат есебінен мемлекет кәсіпорындарға қызмет құнының бір бөлігін өтейді. Нәтижесінде тұрғындар суды оның толық өзіндік құнынан төмен тариф бойынша тұтына алады.
Бұдан бөлек, коммуналдық шығындары жергілікті мәслихаттар белгілеген отбасы табысының шекті үлесінен асатын азаматтарға тұрғын үй көмегі қарастырылған. Бүгінгі таңда осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерден 400 млн теңге төленіп, шамамен 8 мың алушыға қолдау көрсетілді.