Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Анас Сарварды қабылдады

Мемлекет басшысы Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі Анас Сарварды қабылдады
Фото: Ақорда

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі, лорд Анас Сарвармен кездесті. Мемлекет басшысы еліміз Біріккен Корольдікпен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Қазақстан мен Ұлыбританияны сындарлы саяси диалог және түрлі деңгейдегі белсенді қарым-қатынас байланыстырады. Сонымен қатар ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсуге әлеуетіміз жеткілікті екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Біріккен Корольдік Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі саналады. Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 83 пайызға артып, 1,6 миллиард доллардан асты. Елімізде 500-ден астам британиялық компания қызмет етеді.

– Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету жаңа жобалар мен инвестицияларды ғана талап етпейді, сонымен бірге халықаралық ортада еңбек етуге қабілетті адамдар да қажет. Дәл осы себепті Қазақстан жастарын әлемді танып-білуге, дүниетанымын кеңейтуге, көп тіл үйренуге, ең әуелі халықаралық қарым-қатынас құралы саналатын ағылшын тілін меңгеруге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кездесуде Ұлыбритания Премьер-министрі Эндрю Бёрнэмге жылы лебізін жолдап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Өз кезегінде лорд Сарвар елімізбен стратегиялық серіктестіктің дәйекті түрде ілгерілеп келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ британиялық бизнес жобаларға қолдау көрсетіп, Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Еліңіздің қарқынды дамып келе жатқанын үлкен қызығушылықпен қарап отырмыз. Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығын жоғары бағалаймыз. Бізді ашықтық, серіктестік, инновациялар, өзара сенім мен еркін сауда байланыстырады. Стратегиялық серіктестерімізбен қарым-қатынаста ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне сай келетін нақты нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз. Бұл қатарға Қазақстан да енетіні сөзсіз, – деді Анас Сарвар.

Мемлекет басшысы мен Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың, академиялық алмасуды кеңейтудің және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асырудың маңызына тоқталды. Президент Ұлыбританияда білім беру және жас мамандарды даярлау деңгейі өте жоғары екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, кездесуге қатысушылар энергетика, көлік-логистика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасын қарастырды.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Алматыда бірқатар білім және мәдениет саласының үздік қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды
Аида Балаева мәдениет және медиа саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Мультимедиа
Шымкентте Тіленшин көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі ашылды
Almaty Marathon-да қайта өңдеуге жіберілетін қалдықтар жиналды
Қала күні мен Дүниежүзілік тазалық күніне орай 50 мыңнан астам алматылық жалпықалалық сенбілікке қатысты
Президент Райымбек ауданының тұрғындарын 90 жылдық мерейтойымен құттықтады
Ақсайдағы 90 жылдық теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді