Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-ші отырысында жер асты суларын пайдалану кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктемені азайту мәселесі, жеке тұлғалардың несиесін есептен шығару кезіндегі салық салу қағидаты және борыштық бағалы қағаз бойынша дисконтты есепке алу тәртібі қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027-2040 жылдарға арналған жер асты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы шеңберінде жер асты көздерін шаруашылық айналымға тарту үшін салық тетіктерін оңтайландыруды ұсынды. Қазір еліміздің жер асты суларының әлеуеті 3,5%-дан аз, ал суару саласында 2%-дан аз пайдаланылады.
Бұл ретте, СРИМ ақпараты бойынша, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың (ПҚӨС) қолданыстағы ставкалары және жазылу бонусы аграрлық шығындар құрылымында маңызды құрамдас болып қала береді. Осы міндеттерді шешу және су пайдаланушыларды заңды алаңға ауыстыру үшін министрлік 1 текше метр үшін 0,0006 АЕК (2,6 теңге) мөлшерінде жерасты суларын өндіруге арналған жеке төмендетілген ПҚӨС мөлшерлемесін белгілеуді және жер асты суларын тек суару үшін пайдаланатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жазылу бонусын төлеуден босатуды ұсынады.
СРИМ бағалауы бойынша жер асты суларының бекітілген қорларының кемінде 10%-ын тарту айналымға шамамен 116,7 мың га суармалы жерді енгізуге, агроиндустриялық кластерлерге инвестиция тартуға және жоғары қайта өңдеу өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Вице-премьер Серік Жұманғарин жер асты су көздерін пайдалануды ынталандыруды қолдап, кешенді және теңдестірілген тәсіл қажет екенін атап өтті.