Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі бірінші кеңес өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобалық кеңсе Салық кодексінің және кәсіпкерлікті реттеушінің жаңа нормаларын қолдануға байланысты бизнес өтініштерін жүйелеу және жедел қарау үшін бірыңғай үйлестіру орталығы ретінде құрылады. Оның міндеті – мемлекеттік органдардың келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қоғамдастықпен тұрақты кері байланыс орнату.
Жобалық кеңсенің бірінші отырысына «Атамекен» ҰКП басшылығы, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жобалық кеңсе жұмысының негізгі логикасы – «бір терезе» принципі. Салық органдарының call-орталығы, SalykBot Telegram-арнасы, Мемлекеттік кірістер комитетінің бөлімшелері, «Атамекен» ҰКП, әлеуметтік желілер мен басқа да коммуникация арналары арқылы түсетін бизнестің барлық өтініші бір орталықта жинақталады. Өтініштерге жауап берудің нақты мерзімдері белгіленеді. Күрделі және ведомствоаралық сипаттағы мәселелер салалық мемлекеттік органдардың қатысуымен жобалық кеңсенің отырыстарына шығарылады.
Жобалық кеңсенің отырысын апта сайын өткізу жоспарлануда. Олар бизнестің ең өзекті және жиі көтеретін мәселелерін қарастырып, шешімдер әзірленеді, түсініктемелер беріледі. Жобалық кеңсе жұмысының қорытындысы мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының коммуникация арналары арқылы жалпы жұртшылыққа үнемі жеткізіледі.