Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен спорт саласын дамыту жайы бойынша кеңес өтті. Жиында спорт резервін даярлау, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, қала тұрғындары үшін спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру және ірі халықаралық жарыстарды өткізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды таныстырды. Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Алматының 2 544 спортшысы бар. Яғни ұлттық құраманың әрбір төртінші мүшесі – алматылық спортшы.
Алматылық спортшылардың еншісінде 2 230 медаль бар. Оның ішінде әлем чемпионаттарының 60 медалі, Азия чемпионаттарының 105 медалі және Қазақстан чемпионаттарының 2 065 медалі бар. Биыл алматылық спортшылар спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңдерінде және стенд атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан тарихындағы алғашқы жеңістерге қол жеткізді. Сондай-ақ басқа да спорт түрлерінде тарихи нәтижелер көрсетті.
Ай сайынғы ақшалай қамсыздандыру алушылардың саны төрт есеге жуық артты. Спортшылар саны 244-тен 925-ке, ал жаттықтырушылар саны 28-ден 341-ге дейін өсті. Кеңейтілген қолдау жүйесі жасөспірімдер, жастар, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт өкілдерін де қамтиды. Сонымен қатар 200-ден астам жетекші спортшы тереңдетілген ғылыми-медициналық тексеруден өтті.

Қала тұрғындарын дене белсенділігіне тарту мақсатында ALMATY MOVE, «Спорт – Достық алаңы», Студенттік спорт лигасы, Балалар футбол лигасы жобалары және тегін жаттығулар ұйымдастырылуда. Қала көлемінде өткен ірі спорттық іс-шараларға 40 мыңнан астам адам қатысты. Жыл соңына дейін Алматының барлық ауданында 2 мыңнан астам спорттық іс-шара өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ қала Almaty Marathon, ATP 250 Almaty Open, джиу-джитсудан Азия чемпионаты, WTT Youth Contender Almaty, FIBA Азия кубогының іріктеу ойындары және FIDE ұйымдастыратын университеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатының финалын қоса алғанда, 35 халықаралық жарысты қабылдауға дайындалуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды, оның тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыруды, балалар мен жасөспірімдер спортына басымдық беруді және спортшыларды халықаралық жарыстарға сапалы даярлауды тапсырды. Сонымен қатар қолданыстағы спорт инфрақұрылымының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету және қаланың барлық ауданында тегін спорттық жаттығулардың санын көбейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.