Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 9-қабаттан құлап, ауыр жағдайда түскен 17 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқас ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілді. Оған II дәрежелі кома, травмалық және геморрагиялық шок, аяқ-қолдардың, омыртқа мен жамбастың көптеген сынықтары, сондай-ақ кеуде қуысының ауыр жарақаты диагнозы қойылды. Ең күрделі зақымдардың бірі диафрагманың жыртылуы болды. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысқан. Хирургтер шұғыл түрде күрделі ота жасап, барлық ауыр зақымдарды қалпына келтіріп, науқастың жағдайын тұрақтандырды.
Отадан кейін қыз 12 тәулік бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Кейін оған сүйек пен буынды қалпына келтіруге бағытталған тағы төрт ота жасалды. Жалпы емдеу курсы 58 күнге созылды. Реаниматологтар, хирургтер, травматологтар және медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болды. Қазіргі уақытта қыз ауруханадан шығарылып, оңалту курсынан өтуде.