Әскери медицина орталығының базасында дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша әскери қызметшілерді даярлаудың кезекті курсы өткізіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz.
- Барлық әскери қызметшілер дәрігерге дейінгі көмек көрсетуді білуі қажет. Парамедиктерді даярлау курсында біз қан кету, оқ және түрлі жарақаттарда көмек көрсету тәжірибесін жинақтаймыз. Емтиханды сәтті тапсырған жағдайда бізге тиісті сертификаттар беріледі, - деді кіші сержант Нұрғалым Әлімбетов.
Курста теориялық бөлім де оқытылады. Дәрістер оқу аудиторияларында презентациялар және оқытылатын тақырыптар бойынша оқу фильмдерін көрсету арқылы өткізіледі. Шұғыл көмек көрсетудің тәжірибедегі дағдылары клиникалық жағдайлардағы манкендерді пайдалана отырып, далалық жағдайларда және арнайы кабинеттерде пысықталады. Тыңдаушылар арасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бар.
Әскери қызметші зардап шегушімен бетпе-бет қалып, ұрыс жағдайына дейінгі кезеңде, ұрыс жағдайында да іс жүзінде көмек көрсету тәсілдерін үйренуге ерекше назар аударылады. Осы сәтте ол жараланған адамның жағдайын тез арада бағалап, оның өмірін сақтап қалу үшін шаралар қолданып, медициналық мекемеге эвакуациялауға дайындауы және бұл сәтті ұйымдастыруы керек.
Курс аяқталғаннан кейін барлық тыңдаушылар тестілеуден өтіп, практикалық емтихан тапсырады, содан соң оларға тиісті сертификаттар беріледі.
Анықтама ретінде: Әскери медицина орталығы өз қызметін 1969 жылдан бастаған. Оның қызметі біліктілікті арттыру және курстық даярлық шеңберінде әскери медицина саласында қосымша білім беруді ұйымдастыруға және өткізуге, оқу-әдістемелік жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ Қарулы Күштердің медициналық құрамына әдістемелік және практикалық көмек көрсетуге бағытталған.
АҚШ пен Қазақстанның қорғаныс ведомстволары арасындағы халықаралық өзара іс-әрекет шеңберінде ҚР ҚМ Әскери медицина орталығында ITLS халықаралық курсы сертификатталып (жарақат алғанда медициналық көмек көрсету), осы курстарды өткізуге заманауи жабдықтар алынды. Барлық нұсқаушы-оқытушылар құрамына халықаралық үлгідегі ITLS нұсқаушысының (жарақаттар кезінде медициналық көмек көрсету) сертификаттары табыс етілді.