«Наурызнаманың» мерекелік онкүндігі аясында 20 наурыз Ұлттық спорт күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ұлттық және ат спорты түрлерінен ерекше көрсетілімдер, концерттер, спектакльдер және спорттық эстафеталар әзәрленді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астананың «Арғымақ» ат спорттық-сауықтыру кешенінің аумағында ұлттық және ат спорты түрлерінен көрнекі көрсетілім ұйымдастырылады.
Көрермендер қыз қуу, аударыспақ, көкпар және теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды тамашалай алады. Сонымен қатар, қазақтың тазы иттері мен қыран құстардың көрмесі өтеді. Атап айтқанда, дәстүрлі түрде аң аулауда қолданылатын бүркіт, ителгі және қыран құстары жұрт назарына ұсынылады.Көрермендер үшін кіру тегін.
20 наурыз күні сағат 11:00-де Хусейн бен Талал және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан Инклюзивті спорт орталығында Қазақстан бочча федерациясы «Sport Culture» Қоғамдық бірлестігімен бірлесіп мәдени-спорттық шара өткізеді. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында асық ату бойынша инклюзивті турнирі өтеді.
Турнирдің басты ерекшелігі – балалардың мүмкіндіктерін ескеріп арнайы бейімделген үлкен асықтарды қолдану. Сайыс басталар алдында қатысушылар асықтарды өздері бояп, оны жеке ойын талисманына айналдырады.
20 наурызда «QAZAQSTAN» жеңіл атлетика кешенінде «Ұлы дала ойындары» спорттық эстафетасы өтеді, онда ұлттық спорт түрлері жасанды интеллект элементтерімен көрсетіледі: арқан тарту, садақ ату, тартылу, қой көтеру, QumalaqAI.
Эстафета үш кезеңнен тұрады. Оған қатысуға үш адамнан тұратын командалар шақырылады – әке, ана және 8-10 жас аралығындағы бала. Командаларды тіркеу онлайн режимде 20 наурызға дейін жүргізіледі. Сайыс сағат 10:00-де басталады.
Шараның ерекшелігі – оны цифрлық технологияларды қолдана отырып өткізуінде. Қатысу тегін, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болады.
Сағат 19:00-де Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Қажымұқан» атты премьералық спектакльді ұсынады.
Биографиялық тарихи драма әлемге танымал балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірін баяндайды. Спектакль атақты қазақ спортшысының 155 жылдығына арналған.
Бұл сахналық шығарма – балуанның тағдырын, Отанға деген сүйіспеншілігін, ерік-жігерін және адам табиғатын жаңа қырынан ашатын әсерлі қойылым.Спектакльде Қажымұқанның балалық шағындағы қиындықтар, балуан ретінде қалыптасуы, Еуропа спортындағы жолы және халыққа қызмет етуді таңдауы көрсетіледі.
20 наурызда сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Наурыз нұры» концерті өтеді. Бағдарламада «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Терра» би театры бірлесіп вокалдық, аспаптық, халықтық, классикалық шығармалар мен би нөмірлерін ұсынады, Қазақстан және шетел авторларының шығармалары оригиналды интерпретацияда орындалады. Жаңа өңдеу мен ерекше аранжировканың арқасында сүйікті композициялар жаңа қырынан шырқалады.
Ұлттық спорт күні еліміздің барлық білім беру ұйымында «Ұлттық ойындар керуені» атты біріккен республикалық акция өткізіледі. Астананың білім қызметкерлерінің денсаулық спартакиадасы аясында ерлер арасында қазақ күресінен командалық жарыстар ұйымдастырылады. Әр командада бес адам болады, олар 60, 66, 74, 82, +90 кг салмақ категориясында күреседі.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Өркен» балалар мен жасөспірімдер физикалық тәрбиесі орталығының медальдарымен, дипломдарымен және кубоктарымен марапатталады. Турнир Ы. Алтынсарин атындағы №83 гимназия қабырғасында өтеді.
Сонымен қатар, «Ұлттық ойындар керуені» республикалық акциясы А.Құнанбайұлы атындағы №87 гимназияда да өткізіледі. Мақсаты – оқушылардың ұлттық спорт түрлерін және қазақ халқының дәстүрлерін спорттық-ойындық әрекет арқылы тұрақты қызығушылығын қалыптастыру.Акцияға 1-11 сынып оқушылары, педагогтар және ата-аналар қатысады.Іс-шара барысында ұлттық ойындар бойынша командалық және жеке жарыстар ұйымдастырылады: садақ ату, арқан тарту, қол күрес, асық ату, ләңгі, қазақ күресі, гир көтеру, тоғызқұмалақ және басқа да ойындар.Сонымен қатар, дәстүрлі ойындар – «Бестемше», «Бес асық», «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Сақина салу» және ұлттық дәстүрге негізделген интеллектуалды ойындар – «Ой бәйге», «Құндылықтар шеңбері», «Зейін мен зият» өтеді. Айта кету керек, 20 наурызда қаладағы ашық алаңдарда, мектептерде және басқа да мекемелерде ұлттық спорт түрлерінен іс-шаралар мен турнирлер ұйымдастырылады.