Алматы қаласында сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабына сәйкес айыпталған ер адамға қатысты үкім шығарды, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ер адам бір ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйелін жүйелі түрде қудалап, мазасын алған: оны аңдыған, қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған, байланыс орнатуға мәжбүрлеп, жеке қауіпсіздігіне қатер төндірген. Жәбірленуші Түрксіб аудандық полиция басқармасына жүгініп, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот ер адамның әрекеттерін заңға қайшы деп танып, оған 100 сағат міндетті қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиев сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Полиция осындай құқық бұзушылықтарды бақылауды жалғастырып, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік туралы халықты ақпараттандыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізуде.