Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

2029 жылға қарай еліміздің өнеркәсіптік қаңқасына салынған инвестиция көлемі $400 млрд құрайды

2029 жылға қарай еліміздің өнеркәсіптік қаңқасына салынған инвестиция көлемі $400 млрд құрайды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы әртараптандыру жөніндегі одан арғы тәсілдер қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өнімділікті арттырудың негізгі тәсілдері және өнеркәсіп нысандарын технологиялық жарақтандыру туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «Бәйтерек» ҰИХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KazFoodProduckts компаниясының бас директоры Әлихан Талғатбек, шыны өндіретін OrdaGlass компаниясының өкілі Ғалымжан Қуатов баяндады.

Өз кезегінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген міндеттерге сәйкес экономиканы одан әрі әртараптандыру экономикалық өсудің сапалы түрде жаңа моделін қалыптастыруға бағытталу тиіс. Бірінші кезекте, жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға шоғырландырылуы қажет. Осыған байланысты жоғары қосылған құн қалыптастыра алатын өңдеуші және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту басым бағытқа айналуда.

2025 жылы ел экономикасы тұрақты әрі сапалы өсуді көрсетті. Орта мерзімді перспективада мұнай-газ секторының Жалпы ішкі өңімнің өсіміне қосатын үлесі біртіндеп төмендейді. Бұл төмендеу өңдеуші өнеркәсіптің, құрылыс, ауыл шаруашылығы және мұнай-газ секторынан басқа салалардың озық дамуымен өтеледі. Құрылымдық өзгерістер қазірдің өзінде айқын байқалуда. Егер 2010 жылы өңдеуші өнеркәсіптің Жалпы ішкі өңімдегі үлесі 11,3% болса, 2024 жылы ол 12,4%-ға дейін өсті. Сонымен қатар тау-кен өндіру секторының үлесі екі есеге жуық – 19,5%-дан 12%-ға дейін, оның ішінде мұнай мен газ өндіру үлесі 16,5%-дан 8,1%-ға дейін қысқарды», — деді ол.

Оның айтуынша, экономикалық күрделілік индексі шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 55-орынды иеленді. Көршілес елдермен салыстырғанда, 2020–2024 жылдары Қазақстан қарқынды серпіліс жасап, 87-орыннан 55-орынға көтерілді.

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет. Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың Жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15%-дан 2029 жылы 23%-ға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.

Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23%-ға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша $120 млрд мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар $400 млрд-қа жетеді.

Бірқатар перспективалы бағыттар айқындалған. Табиғи ресурстарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу салалары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыттар ретінде белгіленді. Олардың ішінде ең алдымен мына бағыттарды атап өткен жөн:

  • Барлық негізгі түсті металдар (алтын, мыс, мырыш, алюминий, қорғасын);
  • Қара металлургия;
  • Сирек кездесетін металдар;
  • Химия өнеркәсібі;
  • Мұнай-химия;
  • Газ өндірісі;
  • Агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу;
  • Фармацевтика өнеркәсібі.

«Аталған жобаларды жүзеге асыру елдегі еңбек өнімділігінің орташа деңгейін арттырады, бұл – «орта табыс тұзағын» еңсеру және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің одан әрі өсу үшін қажет негізгі шарттардың бірі. Осыған байланысты бүгінгі күні Экономикалық өсудің проактивті саясатын енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл саясаттың мәні – мемлекеттің тек инвесторларды шақыруымен ғана шектелетін модельден нақты инвестициялық жобаларды қалыптастыру мен іске қосуға мемлекеттің белсенді қатысуы моделіне көшу. Инвестиция тартудың бұл тәсілі экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Сонымен қатар жобалардың тиімділігі мен табыстылығын арттыру мақсатында құзыреттері мықты және технологиялары заманауи жетекші шетелдік стратегиялық серіктестердің қатысуы қамтамасыз етіледі», — деді Серік Жұманғарин.

Вице-премьер проактивті саясаттың мысалдары ретінде нақты екі кейсті келтірді. Олар:

  1. Көмір химиясы саласында елімізде шикізат қоры мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымды тауарларды өндіруге мүмкіндік береді.

Әлеуетті жобалардың бірі – Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метр газ өндіретін, құны шамамен $2 млрд-ты құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Аталған жобаны қытайлық Shandong Energy Group компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл сегментте капиталды қажет ететін көптеген экспорттық жобаларды жүзеге асыруға болады.

  1. Қайта өндеу мен әртараптандыруға елеулі серпін беруге инвестициялар көлемінің өсімін көрсетудегі тағы бір мысал – Qarmet кейсі. Компания алдағы үш жыл ішінде шамамен $3,5 млрд-қа жобаларды жүзеге асырады. Инвестициялық бағдарлама нәтижесінде көмір өндіру көлемі 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге ұлғая отырып, концентраттар өндірісі 1,7 есеге артып, сұрыптық илемдеу шығару көлемі 2,3 есеге өседі, сондай-ақ қуаты 4 млн тонна болатын жаңа құйма-илек кешені іске қосылады.

Бұдан бөлек, жобалар тізбесі сұрыптық өнім түрлерін кеңейтуді, мырыштау қуаттарын арттыруды, металл бұйымдарын өндіруді, кокс-химия өндірісін жаңғыртуды, газ тазарту жүйелерін жетілдіруді, газ құбыры инфрақұрылымын салуды және энергия өндіру жобаларын қамтиды.

«Ішкі нарықты отандық тауарлармен жүйелі түрде қамтамасыз ету үшін «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінде инфляциялық қысымның негізгі себептерінің бірі – тұтыну және тұтыну емес сегменттерде отандық өндірістегі бірқатар базалық тауарлардың тапшылығы. Осыған байланысты салалық министрліктер импортты алмастыруға болатын сегменттерді айқындап, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру мүмкіндіктерін анықтауда. Ал Бәйтерек холдингі «Инвестицияларға тапсырыс» аясында инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру үшін кешенді due diligence жүргізеді. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады. Біздің мақсат – ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен қамтамасыз ету және импортқа тәуелділікті төмендету. Қазіргі уақытта азық-түлік секторында 12 бағыт және азық-түлікке жатпайтын секторда 24 бағыт айқындалды», — деді Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі.

Оныңайтуынша, азық-түлік бағыты агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Олардың қатарында ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі. Бұл бастамалардың маңызды құрамдас бөлігі – ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алатын капиталдандырылған даму қаржы институттары.

2026 жылы Бәйтерек ұлттық инвестициялық холдингін 1 трлн теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қорландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 трлн теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары, 2030 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды шамамен $100-120 млрд сомасында қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, жоғары белсенділік танытатын болады.

«Тұтастай алғанда, Экономикалық өсудің проактивті саясаты Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан экономикасын индустрияландыру мен әртараптандырудың негізгі құралына айналады. Қазіргі уақытта Сіздің тапсырмаңызға сәйкес салалық мемлекеттік органдар жетекшілік ететін сегменттерді дамытудың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жоспарлар алдағы 5 жыл ішінде сегменттердің жалпы қосылған құнын барынша арттыруға мүмкіндік беретін үздік жобалардың тізбесін қамтиды. Іріктелген жобалар кейіннен салаларды дамыту стратегияларының негізіне алынбақ. Аталған стратегиялар нақты өнімдер мен жобаларды, инвестициялар көлемін, жылдар бойынша өндіріс көлемін және өзге де маңызды ақпаратты қамтитын болады», — деді Премьер-министрінің орынбасары.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Аида Балаева мәдениет және медиа саласының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыстады
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Мультимедиа
«Ұлы дала қолөнершілер керуен көші»: ұлттық құндылық пен креатив тоғысы
Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты
Елордада бірлік пен руханиятты ұлықтаған «Әз-Наурыз» мерекесі өтті