Қызылорда облысында полицейлер өткен жылы заңсыз айналымнан 2 тоннаға жуық есірткі тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша есірткінің заңсыз айналымына қарсы жүргізілген жедел-профилактикалық және талдамалық іс-шаралардың нәтижелері шығарылды. Кешенді жұмыстар наркобизнестің ұйымдасқан желілерінің жолын кесіп, әсіресе жастар арасындағы есірткінің таралу қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.
Есептік кезеңде 304 есірткіге байланысты құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 112 қылмыс және 192 құқық бұзушылық тіркелді. 69 - есірткі өсірудің, 31 - есірткі өткізудің, 6 - есірткі жарнамалаудың, 5 - есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың дерегі. Заңсыз айналымнан 1 тонна 800 келі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 220 келі марихуана, 2 келі синтетикалық есірткі, 1 тонна 650 келіден астам қарасораның заңсыз айналымы тоқтатылды. Үй жағдайында сора өсімдігін өсіретін 5 фитозертхана анықталды. 18–78 жас аралығындағы 248 азамат ұсталды, олардың ішінде 3 жасырын қойып кетуші бар. Сотқа 234 қылмыстық іс жолданды. Мәселен, 2025 жылы қала орталығында Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 18 жастағы азаматты ұстады. Ол есірткі заттарын көтерме сауда тәсілімен тарататын тасымалдаушы болып жұмыс істеген.
Сараптама қорытындысына сәйкес жеке тінту барысында ұсталған азаматтың қол сөмкесінен 300 граммнан астам мефедрон есірткі заты табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бірлескен профилактикалық жұмыстар нәтижесінде "Amanat" партиясының өкілдерімен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар 100 граффити жазулары жойылды. "Киберқадағалау" ақпараттық жүйесіне 1489 интернет-дүкендер мен жарнамалық сілтемелер енгізіліп, 241-і бұғатталды. Есірткі қылмысымен байланысты 1034 карта-шот бұғатталып, 478 шетелдік карта-шот анықталды.