Павлодар облысында бірнеше жергілікті тұрғын полицияға алаяқтық дерегі бойынша арызбен жүгінді. Жәбірленушілердің айтуынша, белгісіз бір азамат оларды беделді компаниялардың біріне вахталық әдіспен жұмысқа орналастыруды уәде етіп, сенімге кірген, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алаяқ өзін жұмысқа орналастыруға көмектесетін делдал ретінде таныстырып, түрлі сылтаулармен азаматтардан 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша қаражатын алған. Алайда уәде етілген жұмыс та ұсынылмаған, берілген қаржы да қайтарылмаған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 29 жастағы облыс тұрғыны ұсталды.
Тергеу барысында оның кемінде үш алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің мәліметінше, 2025 жылы өңір аумағында 2434 алаяқтық дерегі тіркелген, оның 248-і байланыс құралдарын пайдалану арқылы жасалған. Құқық қорғау органдары азаматтарды алаяқтықтың түрлі тәсілдерінен сақ болуға шақырады. Бағасы немесе шарттары тым тартымды көрінетін ұсыныстарға сене бермеу, ешбір ресми негізсіз "тиімді мәміле" ұсынатын бейтаныс адамдарға ақша аудармау - басты сақтық шараларының бірі. Полиция алаяқтықтың алдын алу үшін әрбір азаматтың қырағылығы мен сақтығы аса маңызды екенін ескертеді.