Биатлон федерациясы өңірлерден таланттарды іздеу бойынша бірегей жобаны жүзеге асыруда. Бұл әлемдік стандарттарға барынша жақын балалар жарыстарының жаңа форматы. Жаңашылдық туралы Үкімет отырысында федерацияның бас хатшысы Манас Үсенов мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жобаның негізгі миссиясы – олимпиада жүлдегерлерін бір-екі цикл көкжиегінде тәрбиелеу. Біз дарынды балаларды ұлттық құрама деңгейіне жеткізіп, оларды әлемдік ареналарда бәсекеге қабілетті етуге тиіспіз, — деп атап өтті Манас Үсенов.
Резервті дамыту бағытында Grand Tour Biathlon жобасы не береді:
- еліміздің 11 өңірінен 200 жас спортшы қамтылды,
- жылына жарыстың 5 кезеңі өткізіледі – 3 қысқы және 2 жазғы,
- жеңімпаздар ересектер секілді көшбасшылардың жейделерімен және хрусталь глобустарымен марапатталады,
- үздіктер Норвегиядағы Liatoppen балалар биатлон фестиваліне жіберіледі,
- резервке ең перспективалы 20 спортшы таңдалды,
- жастарды жоғары деңгейде даярлау үшін италиялық маман Лука Бормолини шақырылды.