Қанат Бозымбаев Үкімет жүзеге асырып жатқан өңірлердің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 5 жылға арналған Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданып, Бюджет кодексіне кіріктірілген жаңа Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қолдау артта қалған өңірлерге басымдық бере отырып көрсетіледі. 2028 жылдың соңына қарай инфрақұрылыммен қамту деңгейін 69,2%-ға жеткізу жоспарлануда, сол кезде мұндағы өсім 5,1% болмақ. Өңірлердің қаржылық дербестігін кезең-кезеңмен арттыру нәтижесінде 2020–2024 жылдары жергілікті бюджеттердің кірістері 3,1 трлн теңгеден 7,9 трлн теңгеге дейін өсті. 2026 жылдан бастап өңірлерге салықтар мен төлемдердің жекелеген түрлері және барлық әкімшілік айыппұлдар қалдырылады. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне жеке табыс салығы (ЖТС) және шағын және орта бизнестің корпоративтік табыс салығы түсетін болады. Нәтижесінде барлық жергілікті бюджет кірістерінің 70%-дан астамы өңірлерде қалыптасып, қосымша түсім 500 млрд теңгеден аспақ.
Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі де ерекше назарда. Бүгінде 6 124 ауылдық елді мекенде 7,5 млн адам тұрады. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы 2,5 мың ауылды қамтып, республикалық бюджеттен 874 млрд теңге бөлінді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 631 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынды. Келесі жылдан бастап орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту басталады, бұл 4 млн-ға жуық ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 18 мыңнан астам шағын несие беріліп, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін қаржыландыру мен өнімді өңдеу және сақтау үшін шағын индустриялық аймақтар құру да көзделген.
«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 52 мың жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін 200 млрд теңге қаржылай қолдау берілді. Соңғы 2 жылда 460 медицина қызметкері 8,5 млн теңгеден біржолғы төлем алды. 2018 жылдан бері 4-ші деңгейлі ауыл округтері бюджеттерінің өсу динамикасы сақталып отыр: 2024 жылы жалпы түсім 380 млрд теңге болды, оның ішінде 112 млрд теңгесі – өздерінің кірістері, осылайша өзін-өзі қамту үлесі 29,5% құрады.
Аудандық деңгейдегі даму жоспарлары мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізілді. Құжаттарда әр елді мекен бойынша нақты индикаторлар, негізгі проблемалар және инвестициялық жобалар айқындалған. Бұл ресурстарды дәл жоспарлауға және ауылдар мен өңірлерді ұзақ мерзімді дамытуға жағдай жасайды. Үкімет өңірлік және ауылдық аумақтарды дамыту бойынша белгіленген стратегиялық бағыттарға сәйкес жұмысын жалғастыра береді.