ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың төрағалығымен және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен облыстағы барлық деңгейдегі ауыл әкімдерінің қатысуымен кездесу өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалардың өңірлерде орындалу барысын талқылау, қоғаммен кері байланыс орнату және өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.
Кеңес барысында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Жолдаудың саяси және идеологиялық мәніне тоқталды.
– Ел Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы – шын мәнінде үлкен саяси оқиға. Өйткені онда көтерілген мәселелер бүгінгі күннің ең өзекті тақырыптарының бірі саналады. Жолдау – мемлекеттік маңызы бар құжат. Мұндай маңызды құжаттың саяси салмағы мен идеологиялық мәні де зор. Біз бүгінде халықпен кеңесіп, инфрақұрылымдық жүйені қалпына келтіріп, жол жөндеп, мектептер мен ғимараттар салып, түрлі бағытта еңбек етіп жатырмыз. Алайда осының бәрінің астарында терең мән мен асыл мұрат болуы қажет. Менің өңірге келудегі басты мақсатым да сол – Президент Жолдауында айтылған саяси және идеологиялық маңызы жоғары тұстарды тағы бір еске салу, – деді Мәлік Отарбаев.
Жиын барысында Түпқараған ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев пен Бейнеу ауылының әкімі Нұржан Кенбаев өңірлерде Президент тапсырмаларын орындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Мемлекет басшысы айқындаған жаңа бағыттарды жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні тиімді қолдану экономикалық өсудің және азаматтардың өмір сапасын арттырудың негізгі тетігі екенін атап өтті.
– Президент Жолдауында айтылғандай, жасанды интеллект ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де қолданыс табуға тиіс. Бұл ауыл шаруашылығын автоматтандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, білім мен медицина саласында қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінгі кездесу – ауыл әкімдерінің тәжірибесі мен ұсыныстарын тыңдап, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін бірлесе қарастыруға бағытталған маңызды алаң, – деді Нұрдәулет Қилыбай.