Қазақстанда жанармай бағасының күрт өсуіне жол берілмейді. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылғы 22 қазанда Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистер министрден жанармай бағасын көтеруге салынған мораторий алынып тасталғаннан кейін "серіппе әсері" байқалып, бағаның күрт өсіп кету қаупі бар ма деп сұрады.
"Қазақстан – әлеуметтік бағыттағы мемлекет. Біз мұндай күрт баға өсуіне жол бермейміз, өйткені ол қарапайым халықтың өміріне тікелей әсер етеді. Барлығы бақылауда болады", – деді Ерлан Ақкенженов.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі бензин бағасын көтеруге енгізілген мораторийдің қанша уақытқа созылатынын түсіндірген болатын.