Қызылорданың сол жағалауында 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы өтті. Салтанатты шара аясында футболдан ел Кубогының финалдық матчы ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров арнайы келді. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері мен мыңдаған футбол жанкүйері жиналды.Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі.
«Бүгін - Қазақстанның спорт тарихындағы айтулы күн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық футбол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл - сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Баршаңызды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшымызға, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Финалдық ойынды өткізуге бастамашы болып, ұйымдастырған Қазақстан футбол федерациясына зор ризашылығымызды жеткіземіз. Бүгінгі ойынға жолдама алған командаларға сәттілік тілеймін! Қазақстан футболының даңқы арта берсін!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
«Құрметті қызылордалықтар және футбол жанкүйерлері! Сіздерді жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – еліміздің футбол картасынан лайықты орын алатын заманауи арена. Қазақстан Кубогының финалы алғаш рет Сыр елінде өтіп отыр. Осы алаңда талай қызықты кездесулер мен ұмытылмас ойындар өтеді деп сенемін. Бүгінгі финал сол табысты жолдың бастауы болсын!» – деді Марат Талғатұлы.
