Елордада AstauFest-2025 VI Халықаралық гастрономиялық фестиваль жалғасып жатыр. Биыл шараға әлемнің 45-тен астам оқу орнының өкілдері қатысып отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
AstauFest 2 қазанға дейін жалғасады. Дәстүрге сай фестиваль бірнеше бағытты қамтиды: кәсіби номинациялар бойынша сайыстар өтіп, үздік аспазшылар, кондитерлер, наубайшылар мен бармендер анықталуда.Гастрофестиваль Астанадағы төрт алаңда ұйымдастырылған: Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде (Майлин көшесі, 12), Құзыреттер орталығында (Айтматов көшесі, 41Б), Кулинарлық студияда (Айтматов көшесі, 41/3) және Кондитерлік академияда (Е-18, 1).Биылғы AstauFest Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп отыр. Оған жақын және алыс шетелдерден келген 45 оқу орнынан 300-ден астам қатысушы жиналды.
Қатысушылардың шеберлігін халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында Швейцария, Франция, Үндістан, Ресей, Қазақстан және өзге елдерден келген 13 кәсіби маман бар.Фестиваль аясында гастрономия мен кулинария саласындағы сарапшылар шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізуде. Сондай-ақ кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған іскерлік кездесулер ұйымдастырылып жатыр.Айта кетейік, AstauFest гастрономиялық фестивалі алғаш рет 2019 жылдың күзінде Астанада өткен болатын.
