2026 жылы республикалық бюджет кірісі 23,1 трлн теңге көлемінде болады болжанып отыр. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
— 2026 жылы бюджет тапшылығы, жалпы ішкі өнім 2,5%-ға жетеді деп күтіліп отыр, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендейді. Қарыздық жүктемені қалыпты деңгейде сақтай отырып, шығысты оңтайландыру емес, кіріс базасын нығайтуға ұмтыламыз. Кіріс пен тапшылықты ескере отырып, бюджеттік шығыс 27,7 трлн теңге, бұл биылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге артық. Мемлекеттік қарызды өтеуге 3,5 трлн теңге жоспарланған. Шұғыл шығыс пен төтенше жағдайды жоюға арналған мемлекеттік резервке шамамен 500 млрд теңге бағытталады, — деді Абзал Бейсенбаев Мәжіліс қабырғасында.
— Басымдық негізгі міндеттемені толық қаржыландыруға беріледі. 2026 жылғы бюджетті Ұлттық қордан мақсатты трансферт тартпай-ақ теңгерімді етуді көздеп отырмыз. Жалпы көлемі 36,2 трлн теңге болатын шығыстың ішінде 27,7 трлн теңге қолдау тапты. Бұл әкімдіктермен жүргізілген ауқымды бірлескен жұмыс нәтижесі, тек маңызды әрі қажетті бағыттар іріктелді. Шығысты оңтайландыру және басымдықтарды қайта бөлу жүргізілді. Бұл базалық ағымдық шығысты қысқартуға мүмкіндік берді, жалпы шығыстың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендеді. Өкілдік және ағымдағы сипаттағы шығысты оңтайландырылып, нақты секторға қайта бағытталды, — дейді ол.
Бүгін Мәжілісте «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және республикалық және облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қалалар, Астана бюджеті арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферт көлемі туралы заң жобасы таныстырылып жатыр.
Айта кетсек, 2026 жылы бюджет шығысы 2 трлн теңгеге ұлғаяды деген болжам бар.