Бүгін Астанада қала әкімі Жеңіс Қасымбек қоғам өкілдерімен, сарапшылар қауымдастығымен, кәсіпкерлермен және жастармен кездесіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылады.Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астана цифрлық трансформацияның үлгісіне айналуы тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Smart City тұжырымдамасы аясында халықаралық G42 холдингімен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздік пен қалалық ортаны басқару саласында жасанды интеллект технологияларын енгізу жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында заманауи мегаполистер тәжірибесіне сүйене отырып, 35-тен астам видеосараптама түрі және жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты тіркеудің 15 әдісі қолданысқа енгізілмек.
«Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры бас директорының орынбасары Таңат Өскембаевтың айтуынша, биыл Астанада EXPO-2017 аумағында Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы іске қосылмақ. Бұл орталық жасанды интеллект экономикасын дамытуға, зерттеулерді қолдауға, цифрлық салаға инвестиция тартуға және басқа да бағыттарға ықпал ететін болады.Сонымен қатар елордада өмір сүрудің негізгі салаларына заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында жасанды интеллект модульдері өтініштерді нақты уақыт режимінде талдайды. Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау процесі толық цифрландырылған. Операторлардың жұмысы GPS-мониторинг пен фотофиксация жүйесі арқылы онлайн бақыланады.
Цифрлық технологиялар шағын және орта бизнеске де енгізіліп жатыр. Қалада бүгінде 260 мың ШОБ субъектісі жұмыс істейді, олардың экономикадағы үлесі 60%-ға жетіп отыр, ал секторда жұмыспен қамтылғандар саны – 530 мың адам.
Кездесуде сондай-ақ Астана IT University ғылыми-инновациялық орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов (цифрлық технологиялар саласындағы мамандар даярлау туралы), «Темір Сервис Астана» компаниясының директоры Қанат Рахметов (логистика мен көлік инфрақұрылымын дамыту туралы), «Даму» қоры филиалының директоры Светлана Назарюк (шағын және орта бизнесті қолдау туралы), Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков (тұрғын үй құрылысы туралы), «Жастар рухы» жастар қанатының өкілі Ержан Хамитов (жастардың цифрлық трансформациядағы және адами капиталды қалыптастырудағы рөлі туралы) баяндама жасады.Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Президенттің тапсырмалары толықтай қала тұрғындарының мүддесі мен қоғам ұсыныстарын ескере отырып жүйелі түрде орындалатынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Жолдауды қала деңгейінде жүзеге асыруға қатысты нақты ұсыныстар әзірленді.