Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №45 мекемесінде тыйым салынған заттарды ішке енгізу фактісінің жолы кесілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мекеме қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6679 әскери бөлімімен бірлесіп жүргізген тексеріс барысында азаматтан бірнеше заңсыз зат тәркіленді. Ол жазасын өтеуші досына азық-түлік арқылы Wi-Fi құрылғысы мен сегіз ұялы телефонды жеткізбек болған.
ҚАЖ қызметкерлері сотталғандармен кездесуге келетін туыстарға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олар мекеме аумағына қандай заттарды алып кіруге болмайтынын ескертіп, қажет жағдайда тыйым салынған заттарды үйде қалдыру немесе тапсырып кету қажеттігін түсіндіреді. Сонымен қатар, сәлемдеме мен бандероль жөнелткен әрбір азаматқа заңсыз әрекеттің жауапкершілікке әкелетіні туралы жазбаша ескерту беріледі.
Алайда кейбір адамдар түрлі айлаға барып, заңды бұзуға әрекеттенеді. Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, материал Павлодар қаласының әкімшілік сотына жолданды.
– Тыйым салынған заттарды мекемеге өткізуге жол бермеу – қызметкерлер мен 6679 әскери бөлімінің сарбаздарының қырағылығының нәтижесі, – деді №45 мекеме бастығының міндетін атқарушы Ардақ Иманғалиев.