Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінің өңірлік кезеңі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл байқау 2006 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдастырылып келеді. Мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ «Қазақстанда жасалған» брендін насихаттау.Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Қала әкімі атап өткендей, жеңімпаздар өз өнімдерінің сапасын дәлелдеп қана қоймай, Алматы атынан ұлттық деңгейде өнер көрсететін болады:«Алматы – еліміздің ірі мегаполисі әрі кәсіпкерліктің нағыз орталығы. Сіздердің әрқайсыңыз «Қазақстанда жасалған» брендіне үлес қосып отырсыздар».
Іс-шара аясында өнімдер көрмесі, концерттік бағдарлама және марапаттау рәсімі өтті. Үш негізгі номинация жеңімпаздары:– Өндірістік мақсаттағы өнімдер: «KazMedAspap» ЖШС, «QAZAQ TIGIN FABRIKASY» ЖШС, «IT&M» ЖШС– Халық тұтынатын тауарлар: «KSC-PLAST» ЖШС, «PAPIRONE» ЖШС, «Aigul Line» ЖШС– Азық-түлік өнімдері: «БИЖАН» ЖШС, «Жигалма» ЖШС, «GOJI» ЖШС «Саланың көшбасшысы – қаланың серіктесі» арнайы номинациясында 14 компания марапатталды. Олардың қатарында «Астана Моторс», «Казлегпром-Алматы», «Mega бетон плюс», «Marchall» және тағы басқа кәсіпорындар бар. «Қазақстанның үздік тауары» байқауы жергілікті брендтердің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қала экономикасын нығайтуға ықпал етеді.
