2026 жылғы 1 қаңтардан бастап "БЖЗҚ" АҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
18 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Осы арқылы БЖЗҚ-дан Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне төленетін зейнетақы төлемдерін қоспағанда, барлық табыс, тұрғын үйге/емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын кіріс түріне жатады. Яғни зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал жеке табыс салығы төлемдер жүзеге асырылған кезде ұсталады. Тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемін пайдаланған кезде ЖТС ұстау да көзделді.
1 қаңтардан бастап ЖТС зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен ұсталмайды. Бірақ мұның Қазақстан Республикасының резиденті болып есептелмейтін азаматтарға қатысы жоқ. ЖТС біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ұсталмайды.