Павлодар полицейлері Ресейде көлік ұрлаған алматылықты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
26 тамызда сағат 15.00-де Павлодар облысының полициясына Ресей Федерациясының Новосібір қаласында ұрланған Toyota Camry маркалы автокөлігін ұстауға көмек көрсету туралы Ресей Федерациясының әріптестерінен хабарлама келіп түсті.
– Хабарламаны алғаннан кейін жедел түрде аталған автомашинаның біздің шекарадан өтіп, Павлодар – Нұр-Сұлтан тас жолымен жүргені анықталды. Бағдар дереу осы автожол учаскесінде жол қауіпсіздігін жүзеге асыратын патрульдік полиция ротасының барлық бекеттеріне таратылды. Біраз уақыттан кейін аталған автокөлік Екібастұз ауылдық аймағының Байет ауылы маңындағы Шідерті кенті бағытындағы тас жолда тіркелді. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің талабына тоқтамады, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Патрульдік полиция ротасының инспекторлары Сәбит Естай, Бейсембаев Аманжол, Базарбеков Асхат, Верещак Руслан және Жүсіпов Нұрлан құрамындағы автопатрульдер қудалауды басталды.
Нәтижесінде Toyota Camry маркалы автокөлігі Шідерті кентінің жанармай құю станциясында ұсталды. Салонда жүргізуші болған, ол 30 жастағы Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адамның құжаттары болған жоқ.
Полиция жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты бірқатар әкімшілік материалдар қозғалғанын атап өтті. Автокөлік айып тұрағына қамалды.
Шекара маңындағы ынтымақтастық шеңберінде ұстау туралы ақпарат іздестіру бастамашысына хабарланды. Автокөлік пен материалдар Ресей Федерациясы ІІМ әріптестеріне берілетін болады.