Түркістан облысының полицейлері көлік жуу орнында ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын оның автокөлігінен белгісіз біреулер ақша ұрлап кеткені туралы арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, Ақсукент кентінде орналасқан көлік жуу орындарының бірінде оның “Huyndai” маркалы автокөлігінің ішінде тұрған 50 мың теңге ұрланған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша аудандық полиция басқармасының СДТБТ-не тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті.
Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы қылмыс орнын мұқият тексерді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері ықтимал куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларын қарап, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап шықты.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ полицейлері бір тәулік ішінде күдікті ретінде автожуу орнының жұмысшысын ұстады. Ол Сайрам ауданының тұрғыны болып шықты. Жедел уәкілдер ұсталған азаматтан заттай дәлелдемелерді тәркіледі. Қазіргі уақытта автоұрыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолқатта. Тергеу күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік жүргізушілеріне қырағы болу және өз автокөліктерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, автокөлік салонында ақшаны, әмияндарды, телефондарды және басқа да құнды заттарды қалдырмаңыз, есіктер мен терезелерді құлыптаңыз. Егер сіз көлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу “102” телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.