Солтүстік Қазақстан үшін тарихи оқиға: Kozybayev University алғаш рет әлемдегі ең беделді рейтингтердің бірі — QS World University Rankings 2026 тізіміне енді. Дүние жүзіндегі 8,5 мың жоғары оқу орнының ішінен тек 1,5 мыңы ғана финалдық тізімге кірді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі СҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚУ бар, университет 1401+ тобына енді. Бұл рейтингте Қазақстанның 20 университеті бар, және олардың қатарында біздің оқу ордамыздың болуы — үлкен жетістік. Бұл — университет ұжымының сапалы жұмысы, стратегиялық дамуы мен қажырлы еңбегінің мойындалуы.
Бұл жетістікке қол жеткізуге мемлекеттік қолдау, АҚШ, Еуропа, Қытаймен әріптестіктің дамуы, жаһандық форумдарға қатысу, академиялық ұтқырлықтың артуы, өңірлік академиялық және ғылыми экожүйенің нығаюы, білім мен зерттеулер сапасына ерекше назар аудару ықпал етті.
Сонымен қатар, оқу-зертханалық корпус пен заманауи жатақханалардың салынуы университеттің инфрақұрылымдық әлеуетін күшейтті.
"Жаһандық рейтингке ену — бұл тек мәреге жету емес, жаңа серпінді даму жолының бастамасы. Осы үлкен жетістікпен студенттерді, оқытушыларды және серіктестерді шын жүректен құттықтаймын!", - деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.