Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қол қойған елішілік құндылық институтын одан әрі жетілдіру жөніндегі заң шеңберінде отандық өндірісті дамыту және қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында Премьер-министр Мемлекет басшысы экономика өсімінің негізі ретінде отандық өндірісті дамытудың маңыздылығына үнемі ерекше мән беріп келе жатқанын атап өтті. Үкімет қазақстандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болуы үшін олардың өндірістік жүктемесін арттыруға бағытталған елшілік құндылықтарды дамыту тетіктерін іске қосуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылдан бастап өңдеуші сектор өнім шығару көлемі жағынан тау-кен саласын басып озғанын атап көрсетуге болады. Осы қарқынды үдете түсу қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімінің жасалуына назар аударылды. База мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы цифрлық шешімдер негізінде құрылады. Премьер-министр отандық адал өндірушілер тізілімге автоматты түрде қосылатынын атап өтті. Өз кезегінде «жалған өндірушілер» бұл тізілімге ене алмайды.
«Жаңадан өтініш берушілер қарапайым өтініштің және автоматты цифрлық тексеру негізінде ешқандай бюрократиясыз қосыла алады. Сарапшыларды шақыру мен басы артық тексерулерден өтудің және көп қағаз толтырудың қажеті болмайды. Барлығы цифрлық режимде, адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Осыны баса айтқым келеді. Бұл сапалы бақылауды қамтамасыз етіп, міндетін адал атқармайтын тауар өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тізілім нақты отандық өндірушіні анықтау тетігіне айналады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ірі кәсіпорындар өздерінің айналасында ШОБ белдеуін құра отырып, Елішілік құндылық бағдарламаларын қабылдауы қажет. Тек осы жағдайда ғана бизнес мемлекеттік қолдауға ие болады.
Елішілік құндылық бағдарламалары отандық кәсіпорындардан тікелей сатып алуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл оларды локализациялау арқылы жаңа өндірістерді кеңейтуге және құруға ынталандырады. Сонымен қатар ел ішіндегі өндірістік тізбектерді кеңейте отырып, отандық компаниялардың арасындағы кооперацияны дамытуға жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.
Кәсіпорындардың өзара тиімді іс-қимылының арқасында ғана ел ішінде толыққанды өндірістік цикл құруға болады. Нәтижесінде, импорт пен өндірістік шығын көлемі азайып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі мен оларға деген сұраныс артады.
«Елішілік құндылықты дамыту – жаңа өндірістерді құру ғана емес, бұл жаңа технологиялар трансферті, ғылымды дамыту, жаңа жұмыс орындары мен жаңа құзыреттерді қалыптастыру. Мұндай тәсіл еліміздің экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруды, халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр:
Қаржы министрлігі Цифрлық даму және Өнеркәсіп министрліктерімен бірлесіп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің автоматтандырылған жүйесін іске қосуды қамтамасыз етсін. 1 тамызға дейін барлық мүдделі мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор сатып алуды реттейтін заңға тәуелді актілерді сәйкестендірсін.
Өнеркәсіп министрлігі Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін, соның ішінде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылым салуды қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдасын.
Өнеркәсіп министрлігі озық технологиялық шешімдерді пайдалану арқылы импорт алмастыратын өндірістердің өсуін қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындар арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөнінде нақты шаралар әзірлесін.