Астананың Алматы ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевке құрмет көрсетілді. Жеңіс күні Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі үйдің ауласында майдангерге әскери оркестрдің қатысуымен нағыз мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
ҰОС ардагерінің құрметіне арналған шараны Алматы ауданы әкімдігі мен Қазақстан Қарулы Күштерінің Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы ұйымдастырды.Майдангерді құттықтауға туған-туыстары, көршілері, мектеп оқушылары, әскери-патриоттық ұйымдардың мүшелері мен қонақтар жиналды.
Құттықтаулар Қорғаныс министрлігі оркестрінің орындауындағы әскери-патриоттық шығармалармен жалғасты.Ардагерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, ерлігіне алғыс сөздер айтылды.Рзағұл Байкешевтің өзі де жиналғандарға алғыс сөздерін арнады.
Ардагердің шөбересі, 10 жасар Әлия Талғатқызына ерекше назар аударылды. Ол батыр атасына қалай қамқорлық жасайтынын айтып берді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаментінің бастығы, подполковник Біржан Жөтековтың айтуынша, ардагердің құттықтауы Отан қорғаушылардың ерлігін насихаттауға бағытталған аудандық акцияның бір бөлігі болды.
Аула тұрғындары естеліктерін айтып, ардагермен суретке түсіп, құттықтауларын жалғастырды.