СҚО-да уақытша оқшаулануға қарамастан, төтенше қызметтер жергілікті тұрғындарға көмектерін үздіксіз көрсетіп жатыр, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көктемгі Есіл өзенінің тасуына байланысты Петропавл қаласының Заречный шағынауданы судың қоршауында қалды. 28 сәуір кешке Заречный ауылының егде жастағы тұрғынына медициналық көмек қажет болды. Әйел сол қолында ауырсыну сезіп, дәрігерлерге жүгінген. Белгілі болғандай, ол алдыңғы күні үй жануарларын судан құтқармақ болып, мысықтарының бірінен жарақат алған.
№13 орта мектеп ғимаратының жанында медицина қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан кейін, Петропавл қалалық полиция басқармасының моторлы қайығы арқылы әйел адам гидроторап өткеліндегі көпірге жеткізілді. Онда оны жедел жәрдем көлігі күтіп тұрған еді. Жергілікті атқарушы органдардың, құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді іс-қимылы арқасында әйел қауіпсіз жерге уақытылы жеткізіліп, қажетті көмек көрсетілді. Петропавл қалалық полиция басқармасының мәліметінше, Заречный шағынауданындағы жағдай тұрақты. Есіл өзенінің тасуына байланысты елді мекенге кіріп-шығу уақытша қиындағанымен, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Заречныйда 30 полиция қызметкері кезекшілік атқаруда, екі моторлы қайық пен патрульдік автокөліктер жұмылдырылған. Эвакуация қажет болған жағдайда құтқарушылар, әскерилер, әкімдік пен коммуналдық қызмет өкілдері дайын тұр. Бұған қосымша, су тасқыны аумағына апаратын бағыттарда тағы 40 полиция қызметкері тәулік бойы кезекшілік етуде.