Ақмола облысында полицейлер жоғалған бүлдіршінді жарты сағатта іздеп тапты, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 4 наурыз күні кешке Ақкөл қаласында болған. Бес жасар баланың жоғалуы туралы учаскелік инспектор Максад Джаппаровқа баланың анасы хабарлады. Баланың жоғалғанын анықтаған әйел дабыл қағып, дереу учаскелік полиция қызметкеріне қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын қысқаша хабарлады. Бала анасымен бірге жергілікті сауда үйлерінің бірінде болғаны белгілі болды. Анасы басқа нәрсеге алаңдаған кезде, бала сыртқа шығып, белгісіз бағытқа жүгіріп кеткен. Әйел көрсеткен мекенжайға жедел-тергеу тобы, учаскелік инспектор Максад Джаппаров және полиция бөлімінің жеке құрамы дереу келді. Іздеу іс-шараларын жүргізу үшін полиция қызметкерлері бірнеше мобильді топтарға бөлінді, сонымен бірге полиция қызметкерлері дүкен аймағында орнатылған бейнекамералардың жазбаларын қарады. Камералардың бірі баланың қай бағытта кеткенін тіркеді.
Баланың кеткен бағыты бойынша ізімен учаскелік Максад Джаппаров жүрді. Көшеде қараңғы түскендіктен, полиция қызметкері баланың қорқуы немесе қауіпті жағдайға тап болуы мүмкін деп алаңдады. Ақпарат келгеннен кейін жарты сағат өткен соң, бала табылды. Полиция капитаны Максад Джаппаров баланы жеке үйлердің аумағынан тауып, бірден анасына тапсырды. Полицейлер баланың анасымен профилактикалық әңгіме өткізді, қазіргі уақытта бала ата-анасымен бірге. Полиция қызметкерлері ата-аналардан балаларын бақылауды күшейтуді, оларды қараусыз қалдырмауды, ал үйден шыққан немесе хабар-ошарсыз кеткен жағдайда дереу ішкі істер органдарына хабарлауды сұрайды.