Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы бұзылып, бірнеше ауданда жолдар жабылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» АҚ мәліметінше, бүгін түске таман «Екатеринбург-Алматы» республикалық автожолының 834-856 шақырым аралығы, яғни Чистополье ауылы мен Ақмола облысының шекарасы және «Жезқазған-Петропавл» автожолының 595-673 шақырым аралығы — Ақмола облысының шекарасынан Тоқсан би ауылы аралығы жабылды.
Көлік қозғалысына қойылған шектеуді 22 қаңтар сағат 06:00–де алу жоспарланған.Қазір өңірдің кей аудандарында қар жауып, боран ұйытқып тұр. Осыған байланысты Айыртау және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда облыстық маңыздағы жолдар жабылған.
Қолайсыз ауа райына байланысты Полиция департаменті де ескерту жариялап, жүргізушілерден жолда аса сақ болуды, жылдамдық режимін, тиісті арақашықтықты сақтауды, мүмкіндігінше алыс сапарға шықпауды ескертті.
Ал ертең СҚО-да ауа температурасы күндіз -25-28 градусқа дейін жетпек. Екпіні 23-28 м/с жететін жел тұрып, қалың қар жаумақ. Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз ауа райы алдағы үш күн бойы сақталмақ.
— Қазір өңір атлантикалық циклонның әсерінде. Бірақ түнде ол антициклонға ауысып, аяз тұрады. Алдағы үш тәулік бойы түнде сынап бағаны -30 градусты көрсетсе, күндіз -28-ге дейін түседі. 24 қаңтарда аяз сынып, күндіз -15-20 градус болмақ, — дейді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының бөлім басшысы Гүлзат Ғазизова.
Маманның айтуынша, аязды күндер көп тұрмайды. Жалпы 2024 жылдың желтоқсан айы 1978 жылғы рекордты жаңартып отыр, бұған дейін осы айдағы ең жылы күн +0,8 градусты көрсетсе, 19 желтоқсанда ауа температурасы +1,3 градус болған. Айдағы орташа температура 8-9 градус аралығында тіркелді, бұл жылдық орташа көрсеткіштен 4-6 градусқа жоғары.
Бұған дейін СҚО-да банк шотын біреулерге пайдалануға берген тұрғын енді келтірілген шығынды өзі өтейтіндігін жазған едік.