«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы полиция департаменті қала аумағында есірткімен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытында кешенді шаралар қабылдап жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қабылданған шаралар нәтижесінде, өткен жылы полицейлер есірткінің заңсыз айналымына байланысты 541 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тіркелгендердің 65-і есірткі заттарын өткізу, 13-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтау, 35-і есірткі өсімдіктерін егу және тағы да басқа қылмыс болды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықтың 410 дерегі анықталған.
Заңсыз есірткі айналымымен күрес аясында қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 157 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 100 келіден астамы – марихуана, 17,5 келісі – гашиш, 30,6 келісі – синтетикалық есірткі, ал қалған бөлігі басқа да есірткі түрлері болды.
Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр.