Ақмолада полицейлер жолда қалған көлік иесіне көмектесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана – Петропавл автожолының 180-шақырымында жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалап жүрген Ақмола облысы Біржан сал ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторы Б. Қасымов пен УҰИ бастығы С. Саржанов апаттық шамы қосылып тұрған Toyota Alphard автокөлігін байқап қалды.
<!--more-->Полицейлер бірден тоқтап, көмек көрсетуді жөн көрді. Жүргізуші олардың көмегіне мұқтаж болып шықты. Оның айтуынша, жолда келе жатып көлігінің бір доңғалағы тесілгендіктен қосалқысын салып, сапарын жалғастырған. Алайда, көп ұзамай екінші дөңгелегі жарылып, әрі қарай жүруге мүмкіндік болмаған. Жүргізуші Көкшетаудан Астанаға 60 қорап бал алып бара жатқан еді, ал қосалқы дөңгелегі жоқ болатын.
Полицейлер дереу іске кірісіп, жарылған дөңгелектің дискін алып, оны Макинка ауылындағы шина жөндеу орнына жеткізді. Олар сол жерде дөңгелектің жаңа резеңкесін тауып, оны орнына салып берді. Кейін көлікке қайта оралып, жүргізушінің жүгін түсіріп, дөңгелекті ауыстырып, жүкті қайтадан орнына тиеуге көмектесті.
Көмекке разы болған жүргізуші өз алғысын бейнежазба арқылы білдірді. Ол тәртіп сақшыларының азаматтарға деген қамқорлығы мен адамгершілік қасиеттеріне тәнті болып, шын жүректен ризашылығын жеткізді.
– Күн сайын жолдарда түрлі жағдайларға тап болып, көмек көрсетеміз. Қарт кісілерге үйлеріне жетуге, жүргізушілерге жөндеу орындарын табуға, түрлі қиындықтан шығуға қол ұшын береміз. Дегенмен, барлығы бірдей қарапайым алғыс айтуға асықпайды. Бұл – біздің міндетіміз, әрине, көмек көрсетеміз. Бірақ шынайы ризашылық сөздері бізді одан әрі ізгі істерге шабыттандырады, – деп бөлісті полицейлер.
Жаңа жыл қарсаңында тәртіп сақшылары барлық қазақстандықтарды және әріптестерін мерекемен құттықтап, жолға шықпас бұрын көліктерінің техникалық жағдайын тексеруді ескертті. Олар қыс мезгіліндегі ауа райының құбылмалы болатынын атап өтіп, «Қазгидромет» пен «112» қызметтерінің хабарламаларын бақылауды ұсынды.
Ақмола полицейлерінің бұл әрекеті – әрбір азаматқа үлгі боларлық ізгілік пен адалдықтың көрінісі.