ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен басқарма төрағасы – жоғары оқу орны ректорының кандидатурасын қарау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комиссия құрамына ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрлігі, ЖОО қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері және қоғам қайраткерлері кірді.
Отырыс барысында «Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ ректоры лауазымына кандидаттар қаралды.
1962 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны аймақтағы жалғыз педагогикалық білім беру провайдері болып саналад және білім беру жүйесіне мамандар даярлайды.
Үміткерлер бірқатар критерийлерге сәйкес келуі керек: ғылыми дәрежесінің болуы, білім және ғылым саласындағы басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі – кемінде 5 жыл. Ғылыми атағы бар кандидаттарға (профессор, доцент) артықшылық берілді.
«Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы-ректордың лауазымына 3 кандидатура ұсынылды. Олар жоғары оқу орнының алдағы 5 жылдық даму жоспарын қорғады. Нәтижесінде комиссия Ержан Әмірбекұлының университет ректоры лауазымына кандидатурасын бірауыздан қолдады.
«Елімізде білім сапасын арттыру жөнінде кешенді шаралар қабылдануда. Бұл ретте ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Келешекте елге қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеуде білікті педагогтардың маңызы ерекше. Сапалы кадр даярлау үшін жоғары оқу орындары бар күшін салуы қажет. Сондықтан ректор қызметін атқаратын азамат бұл жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра білуі тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.