Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова ЮНИСЕФ, БҰҰДБ және ДДҰ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізді. Онда тараптар еліміздегі психологиялық көмек орталықтарын қолдаудың негізгі аспектілерін талқылады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бастама балалар мен олардың отбасына кәсіби психологиялық көмекті қолжетімді ету және сапасын арттыруға бағытталған. Ол Қазақстан азаматтарының психо-әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға маңызды қадам саналады. Атап айтқанда, балаларды қорғау және ата-аналарды психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жобаны жүзеге асыруда маңызды рөлді Жобалау кеңсесі атқарады. Ол еліміздегі психологиялық көмек көрсету орталықтарының жұмысын үйлестіреді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Жобалау кеңсесі үйлестіруші ретінде, «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық институтымен бірлесе отырып, психологиялық көмек желісін дамытуға жауапты аймақтық органдармен тиімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді. Облыс әкімдерінің орынбасарлары, жобаның мамандары мен консультанттары сапалы әрі уақытылы көмек көрсетуге күш салатын болады.
«Балалардың психологиялық әл-ауқаты мен қауіпсіздігі бүкіл қоғам денсаулығының негізі. Біз көмекке мұқтаж барлық жанға қолдау көрсететін сенімді инфрақұрылым құрдық. Бұл бірлескен күш-жігер мен ресурстарды талап етеді. Балаларға психологиялық қолдау көрсету жүйесін тиімді қалыптастыру үшін бағдарламалар мен әдістемелерді біріктіру маңызды», — деп атап өтті вице-премьер.
Халықаралық ұйымдар өкілдері Психологиялық көмек көрсету орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ балалар, жасөспірімдер және ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету бойынша бағдарламалар мен әдістемелерді беру бағытында ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді. Психологиялық көмекті денсаулық сақтау және білім беру жүйелеріне интеграциялау маңызды екендігі ерекше атап өтілді, бұл әртүрлі жастағы балалар үшін тұрақты қолдау желісін құруға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, ЮНИСЕФ жобалау кеңсесінің жұмысын техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ халықаралық ұйымның мамандары орталықтардың тренерлерін біртұтас әдістеме бойынша оқытуды, жобаларды жүзеге асыру сапасын бағалау жүргізуді ұсынды.