Павлодарда полиция қызметкері тоңып қалған шетелдік жолаушыларды құтқарды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Күрделі ауа райы жағдайында адамдарға көмек қолын созу – полицейлердің негізгі міндеттерінің бірі. Мұны Павлодар облысы полиция департаментінің учаскелік инспекторы Бауыржан Бидаевтың ерлігі тағы бір мәрте дәлелдеді.
Розов ауылы маңындағы Павлодар – Успен автожолын патрульдеу кезінде ол жол жиегінде тұрған автобусты байқап, жүргізушіге жақындады. Автобустың бұзылғанына үш сағат болғанын, жолаушылардың жолда көмек күтіп тұрғанын анықтады. Салонда 60 адам болған, олардың 10-ы – бала, арасында сәбилер де бар. Жолаушылардың бәрі тоңып қалған, ал жолда өтіп бара жатқан көлік байқалмады.
– Уақытты жоғалтпау үшін әйелдер мен балаларды қызметтік көлікпен ауылдық мәдениет үйіне жеткізе бастадым, ал ер адамдарға жол көрсетіп, оларды жаяу алып бардым. Жолаушыларды жылы жерге орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еттім. Кейін болған жағдай туралы полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарладым, – дейді Бауыржан Бидаев.
Абдуллох есімді жолаушы полиция қызметкеріне ризашылығын білдірді.
– Біз Ресейдің Новосібір қаласынан Тәжікстанға бағыт алған едік. Жолда автобусымыз бұзылып, сағат 23:00 шамасында тоқтадық. Жүргізуші ақаулықты жөндей алмады. Үш сағаттан кейін қатып қалған жолаушылардың жағдайы қиындай түсті. Сағат 02:00-де полиция қызметкері келіп, дереу көмек көрсетті. Ол әйелдер мен балаларды бірнеше рейспен жеткізді. Ер адамдарға жаяу жүруді ұсынды. Мәдениет үйінде жылынып жатқанымызда, ол бізге азық-түлік әкелді. Полиция қызметкерінің қайырымдылығы үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, – деп бөлісті.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір жолдарында қоғамдық және жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәулік бойы патруль жүргізіледі. Қызметтік көліктерде әрдайым ыстық шай, жылы көрпелер мен киімдер дайын тұрады. Полицейлер қажет жағдайда жолаушыларға түнеуге, тамақтануға және көлікті жөндеуге көмектеседі.
Полиция жолға шыққалы тұрған жүргізушілерді ауа райының өзгерістеріне назар аударып, жолдардың жабылуы туралы ескертулерді қадағалауға шақырады. Алыс сапарға шықпас бұрын, жол жағдайын нақтылап, көлік құралының ақаусыздығын тексеру және байланыс құралдарын өзімен бірге алу маңызды.
Егер сіз төтенше жағдайға тап болсаңыз, 112 немесе 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.